Бүгін Алматыда «Өнерлі әулет өрнегі» көрмесі ашылды

Бүгін Алматыда «Өнерлі әулет өрнегі» көрмесі ашылды
фото: Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі

Бүгін сағат 16:00-де Алматы қаласында орналасқан Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде Қасымбековтер әулетінің шығармашылығына арналған «Өнерлі әулет өрнегі» атты көрме салтанатты түрде  ашылды, деп хабарлады "Сапалы Қазақстан" порталы.

«Өнерлі әулет өрнегі» көрмесі — Қазақстандағы ең жарқын шығармашылық әулеттердің бірі саналатын Қасымбековтер отбасына арналған ерекше мәдени шара. Бұл экспозиция ұрпақтар сабақтастығының терең тамырын, өнер мен руханияттың біртұтас желісін паш етеді. Қасымбековтер әулетінің түп-тамыры — Жетісу (Жоңғар) Алатауының етегіндегі қасиетті Талды өлкесінен тарайды. Бұл — табиғат пен тарих, ұлттық рух пен шығармашылық біте қайнасып, үйлесім тапқан құтты мекен.

Фото: Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі.

     Аңыздарға арқау болған, тастарындағы петроглифтерімен үнсіз сыр шертетін, арасан бұлақтарымен шипа дарытқан, көне өркениеттердің ізімен тарих тұнған бұл өлкеден шыққан әулетке терең дүниетаным, қажырлы еңбек, төзімділік пен нәзік көркем талғам дарыған.   Көрмеге әулеттің бірнеше буыны – аға ұрпақтан бастап шөберелерге дейін қатысып отыр. Олардың қатарында соғыс ардагері, суретші әрі өнертапқыш Ахметқали Қасымбеков және оның ұрпақтары: балалары Болат, Манарбек, Жанаргүл, Бегайым, немерелері Айғаным Дулатқызы, Гүлмира Аппасова, Назерке Манарбекқызы, Ілияс Слямғазы, Өркен Қасымбеков, Әдемі Нұртілеу, сондай-ақ шөберелері – Хамза Дулатұлы мен Ален Избасаров бар.  Экспозиция қолданбалы өнер, мүсін, зергерлік өнер және дизайн салаларындағы туындыларды қамтиды. Әулет мүшелерінің шығармашылығы шеберлік деңгейінің жоғары болуымен, стилдік сан алуандығымен және материалға деген терең құрметімен ерекшеленеді. Көрмеге келушілер көркем тілдің уақыт ағымындағы эволюциясын, әр автордың дара шығармашылық қолтаңбасын, сондай-ақ отбасылық дәстүрлердің әр туындыда қалай көрініс табатынын тамашалай алады.

Фото: Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі.

    Экспозицияда мүсінші Болат Қасымбековтің өнері ерекше орын алады. Автордың әр кезеңдегі – ертеректегі және соңғы жылдардағы жұмыстары ұсынылған. Олардың қатарында: «Қорқыт» (2013), «Абыз ата» (қола, 2012), «Алма ұстаған бала» (гипс, 2012), «Абай Құнанбаев» (гипс, 2019), «Дінмұхамед Қонаев» (гипс, 2020), «Шахмат фигуралары» (қола, 2023–2024), сондай-ақ 2024–2025 жылдары жаңадан қоладан құйылған туындылары бар.Сондай-ақ  Алматы, Ұзынағаш, Жаркент және Маңғыстау қалаларында орнатылған монументалды шығармалардың фотоматериалдары қойылады: «Елтінді батыр» (2006), «Шоқан Уәлиханов» (2008), «С. Нұрмағамбетов» (2013), «Бағай батыр» (гранит, 2004) және басқалар. «Өнерлі әулет өрнегі» — бұл тек көркем жетістіктерді ғана емес, сонымен бірге отбасылық дәстүрлердің, рухани құндылықтар мен өнерге деген сүйіспеншіліктің қуатын бейнелейтін шығармашылық әулеттің тірі шежіресі. Көрме мәдениеттегі сабақтастықтың маңызын еске салып, ұлттық көркем мұраны сақтау мен дамытуға шабыт береді.

Экспозиция 2025 жылғы 30 шілдеге дейін жалғасады

Фото: Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі.

Фото: Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі.

Көрме жетекшісі - Жұбанова Г., «Қазақстан бейнелеу өнері» бөлімінің жетекшісі