Меруерт Карибаева: Қуыршақ театры - жай ойыншық емес...

Меруерт Карибаева: Қуыршақ театры - жай ойыншық емес...
фото: https://www.google.com/url?sa=t&source=web&rct=j&opi=89978449&url=https://www.instagram.com/kuyrshak_teatry

Қуыршаққа жан бітіру – екінің бірінің қолынан келе бермейтін, ерекше сезім мен шеберлікті талап ететін өнер. Бұл – тек сахна сыртында жіпке байланған қуыршақты қозғалтумен шектелмейтін, оның болмысына жан бітіріп, жүрекке жетер әсер сыйлайтын, өмір мен өнердің тоғысқан нүктесі.

Осы бір нәзік те күрделі әлемнің ішкі құпиясымен бөлісу үшін біз Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының актрисасы, дарынды өнерпаз Меруерт Карибаевамен шығармашылық сұхбат құрған едік. Сахнадағы кейіпкерлерді еркін меңгеріп, баланың ғана емес, үлкеннің де көңіл пернесін дөп басатын Меруерт ханым бізге қуыршақ театрының көрінбейтін сырлары, шығармашылық жолындағы ізденістері мен шынайы сезімдері жайлы ашық айтып берді.

 - Қуыршақ театры Сіз үшін кездейсоқ таңдау ма еді, әлде саналы түрде жетелеген бала арманның жалғасы ма?

- Менің қуыршақ театрына келуім – кездейсоқтық. Өйткені оқуға түсер кезде, домбырамен ән айтып, дәстүрлі әнші боламын деп келгенмін. Алайда ол бөлімде орын толып қалған екен. Оның үстіне менен де өнерлі қыз-жігіттерді таңдап қойған соң, маған: «Мүмкін, сенің актрисалық қырыңды көрерміз?» – деді. Сосын   өз өнерімді көрсеттім. «Актерлік бөлім бар. Соның ішінде қуыршақ бөлімі бар. Драма әртісі де бола аласың, қуыршақ театрында да жұмыс істей аласың” – деді.  Содан мені қуыршақ бөліміне апарды. Мен тек студент болсам болды деп қуанып кеттім. Ол кезде қуыршақ театрына деген ерекше махаббатым болған жоқ. Бірақ оқуымды бітіріп, дипломымды алдым. 4-5 жыл көлемінде Қуыршақ театрына жұмысқа кірдім. Уақыт өте келе театрға деген махаббатым оянды. Қазір бұл өнер ордасы менің екінші үйіме айналды.

- Қуыршақ театры – ерекше жанр. Сіз үшін оның өзге театр түрлерінен айырмасы қандай? Бұл сахнаның өзіндік тілі, өзге өнерден оқшау тұстары туралы не айтар едіңіз?

- Қуыршақ театрының өзге театрлардан басты айырмашылығы – мұнда әр артист жансыз бейнеге жан бітіреді. Біз қуыршақты тек қолмен емес, жүрекпен сезінеміз, оны өзімізбен бірге «тірілтіп», оның мінезін, болмысын бойымызға сіңіреміз. Бұл – көзге көрінбейтін, бірақ көрерменге сезілетін сиқырлы процесс. Көпшіліктің түсінігінде қуыршақ театры тек балаларға арналған деп есептеледі. Алайда, сахна төрінде шынайы өмірдің күрделі бейнелері мен терең философиясы да бар. Көп қойылымдар ересек көрерменнің де жүрегіне жол тауып, оларды тебірентіп, ойға қалдырады. Қуыршақ театры – жас шектеуін білмейтін, көңілге жол табатын өнер.

- Қалай ойлайсыз, бұл театрдың мүмкіндігі шектеулі ме, әлде керісінше, ерекше бір күшке ие ме?

- Қуыршақ театрының мүмкіндігі шектеулі деп айту – оның шексіз мүмкіндігін байқамау. Бұл – жансыз бейнеге жан бітіріп, үнсіз образды сөйлете алатын ерекше өнер. Бір қарағанда кішкентай сахна, шымылдықтың ар жағындағы жіпке байланған қуыршақтар – бәрі тым қарапайым көрінуі мүмкін. Бірақ сол қарапайымдықтың ішінде тұтас әлем, терең мағына, шынайы сезімдер бар. Қуыршақ арқылы айтылған ой кейде тікелей айтылған сөзден де өтімді бола алады. Ол – баланың да, ересектің де жүрегіне жол таба білетін құдіретті құрал. Сондықтан менің ойымша, қуыршақ театрының шегі емес, шексіздігі бар. Ол – сөзсіз сөйлеудің, көзсіз көргізудің, қимылсыз қозғаудың шынайы шеберлігі.

- Қуыршақ театры көрерменге эмоцияны қалай жеткізеді? Сіздің ойыңызша, адам актер мен қуыршақ арасындағы байланысты қаншалықты терең сезіне алады?

- Қуыршақ театры – эмоцияны айғаймен емес, ишарамен жеткізетін нәзік өнер. Қуыршақ – тек ағаш пен матадан құралған бейне емес, ол – актердің жүрегінен өткен жанды сезімнің бейнесі. Әрбір қимыл, әрбір ишара, тіпті үнсіздік те өз үнін табады. Көрермен кейде сөзден гөрі сол қимылдан көбірек әсер алады. Адам мен қуыршақ арасындағы байланыс – көзге көрінбейтін жібек жіппен байланғандай. Көрермен кейіпкердің бет-жүзін көрмесе де, дауыс пен әрекет арқылы оның қуанышына қуанып, мұңына мұңаяды. Бұл – актердің ішкі күйін қуыршақ арқылы жеткізе білу шеберлігі.

Кейде қуыршақтың кішкентай ғана қозғалысы, көзін ашып-жұмуы, жай ғана басын изеуі – тұтас монологтан да артық әсер қалдырады. Өйткені ол – шынайы, таза, жалған эмоциядан ада. Сондықтан меніңше, адам мен қуыршақ арасындағы байланыс – сахнадағы ең шынайы сезімдердің біріне айнала алады. Бұл – тек көрерменнің көзімен емес, жүрегімен көретін өнер.

Қуыршақтарды басқару физикалық тұрғыдан да қиын процесс сияқты. Бұл өнер түріне дене дайындығы қаншалықты маңызды?

-  Иә, қуыршақты басқару – оңай іс емес. Бұл – шеберлік пен шыдамдылықты, ептілік пен ерен дайындықты талап ететін нәзік өнер. Қуыршақты жандандыру үшін актердің денесі мен жан дүниесі бірдей қызмет етеді. Бұл – тек қолдың қимылы ғана емес, тұтас дененің үндестігі. Біз сахнада тек қуыршақты ғана сөйлетіп қоймаймыз, өзіміз де көрінеміз. Әрбір қимыл, әрбір ишара көрерменнің назарынан тыс қалмайды. Сондықтан сахналық сымбаттылық, қозғалыс үйлесімі, дене сергектігі – барлығы маңызды. Қуыршақтың жан бітіретін күші – оны басқарушының иығында. Ал бұл жауапкершілікке лайық болу үшін үнемі ізденіс пен жаттығу қажет. Қуыршақ театрында әр қимыл – мәнге, әр әрекет – сезімге толы. Осы себепті біз үшін сахна – жаттығу залы да, өмір мектебі де, өнердің биік шыңы да.

Көп адам қуыршақ театрының актері болуды кәдімгі драма театрына қарағанда жеңіл көреді. Шындығында, бұл мамандықтың ең үлкен қиындығы неде?

-  Иә, сырт көзге қуыршақ театрының актері болу жеңіл көрінуі мүмкін. Қуыршақты сөйлетіп, қозғалтсаң – болды деп ойлайды көпшілік. Алайда, шын мәнінде, бұл мамандықтың күрделілігі – көрінбейтін жерде, сезілмейтін салмақта. Қуыршақ театрының актері – екі есе ойнайтын артист. Бірі – сахнада өз денесімен, бірі – қуыршақ арқылы. Ол тек рөлді емес, бүкіл бейнені бойына сіңіріп, оны өзгеге жеткізе білуі керек. Қуыршаққа жан бітіріп, оның жүрегі етіп соға білу – үлкен шеберлікті, төзімділікті және шынайы ықыласты талап етеді. Қиындықтың бірі – көрінбей тұрып, көрерменге сезім сыйлау. Актер сахнада өзі көрінбесе де, әр сөзін, әр ишарасын қуыршақ арқылы дәл әрі әсерлі жеткізуі керек. Ал бұл – дауыстың құбылы, қимылдың нәзіктігі, пластиканың шеберлігі, тіпті тыныстың өзін есеппен алуға әкеледі. Сондықтан да қуыршақ театрының актері болу – қос әлемнің тізгінін ұстап, екі жанмен бір сезімді жеткізетін, көрінбейтін шеберліктің нағыз иесі болу деген сөз.

Егер сізге театрда толық еркіндік берілсе, қандай қойылымды сахналарыңыз келеді?

-  Шыны керек, бұл туралы арнайы ойланып көрмеппін. Қазіргі таңда сахнада сомдап жүрген рөлдеріме шүкіршілік етемін. Әрбір образ – менің ішкі әлемімнің бір қыры, шығармашылық жолымдағы бір белес.

Егер режиссер: «Бұл рөл – сенің табиғатыңа сай, дәл өзіңе арналған,» – десе, мен еш ойланбастан қабылдауға дайынмын. Себебі мен үшін маңыздысы – рөлдің көлемі емес, оған деген сенім мен жауапкершілік. Образдың ауқымы емес, оның жүрекке жетер шындығы маңызды. Сондықтан да өз өнерімде ештеңені өзгертуге ұмтылмаймын – әр рөлдің өз миссиясы, әр сәттің өз мәні бар. Мен сахнада бар болмыспен өмір сүріп, әр кейіпкерге шындықпен жан бітіре алсам – бұл мен үшін ең үлкен бақыт.

Дауысты, эмоцияны, пластиканы жеткізу үшін қандай әдістер қолданасыз?

-  Біз үшін дауыс – тек сөйлеу құралы ғана емес, ол – көңіл-күйдің, образдың айнасы. Дауысты мың құбылтып, кейде ерке қыздың нәзік сыңғырын, кейде сотқар қыздың өжет үнін сомдаймыз. Әрбір рөлге лайықты дауыс тембрі мен ырғақты табу – біздің күнделікті машығымызға айналған. Сол сияқты пластика да біз үшін аса маңызды. Қуыршақтың қимылы сенімді шығу үшін өзіміздің дене тілімізді де баптаймыз. Аптасына екі рет өтетін вокал және биден берілетін сабақтар – осы өнердің техникалық және эмоционалдық іргетасын қалайды. Бұл жаттығулар – сахнаға дайындықтың көрінбейтін, бірақ ең маңызды бөлігі.

Ал сахнаға шыққанда… бәрі өздігінен аға жөнеледі. Себебі ол сәт – біз бен қуыршақтың арасындағы шынайы байланыс орнаған сәт. Бар болғаны – қуыршақты сезіне білу керек. Сонда ғана көрермен де сеніп, сол сиқырлы әлемге ене алады.

Сүбелі сұхбатыңызға зор алғыс білдіремін.

                                                                                             Сұхбаттасқан: Аяулым ҚАЙРАТҚЫЗЫ,

Кинотеледраматургия мамандығының 2 курс студенті