Ұлытаудан жеткен сахна сыры

Ұлытаудан жеткен сахна сыры

фото: Серке Қожамқұлов театры

       Ұлытаудан Алматыға жеткен өнер үні: Серке Қожамқұлов театры көрерменмен қауышады.

       Театр – уақыт тынысын, адам тағдырын, қоғамның көңіл күйін сахна тілімен сөйлететін ерекше өнер. Бір қойылым көрерменге ой салса, енді бірі жүректің әлдебір түкпірінде жатқан сезімді оятады. Ал сахна төріне шыққан әрбір туынды – тұтас бір өңірдің мәдени болмысын танытатын рухани шежіре. 

 фото:Серке Қожамқұлов театры

       12–14 қараша күндері Серке Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театры оңтүстік астанада гастрольдік сапармен өнер көрсетеді. Бұл – көрермен үшін Ұлытау театрының шығармашылық ізденістерімен танысуға, ал өнер ұжымы үшін өзге ортада тәжірибе бөлісіп, жаңа аудиториямен жүздесуге мүмкіндік. Үш күнге жоспарланған гастроль барысында көрермен назарына мазмұны мен тақырыптық бағыты әртүрлі үш спектакль ұсынылады.

       Алғашқы күні, 12 қарашада сахналанатын «Сен және мен» драмасы адам жанының нәзік иірімдерін қозғайды. Үміт пен жалғыздық, отбасы құндылығы мен ұрпақтар сабақтастығы – шығарма өзегіндегі маңызды мәселелер. Ал 13 қарашада көрермен Ілияс Есенберлиннің шығармасы негізінде қойылған «Ғашықтар» спектаклін тамашалай алады. Махаббат сезімімен қатар адамдық таңдау мен жауапкершілікті арқау еткен туынды көрерменді өмірлік құндылықтар туралы ойлануға жетелейді. Екі қойылымның да қоюшы режиссері – Шағуан Үмбетқалиев.

фото:Серке Қожамқұлов театры

       Гастрольдің соңғы күні, 14 қарашада Георг Бюхнердің әлемдік драматургиядағы танымал шығармаларының бірі – «WOYZECK» сахналанады. Бұл қойылым адам мен қоғам арасындағы күрделі қарым-қатынасты, жалғыздық пен ішкі күйзелісті бейнелейді. Қоюшы режиссері – Мейрам Хабибуллин. Үш түрлі драматургиялық әлемді тоғыстырған бағдарлама театр ұжымының шығармашылық ауқымы мен ізденіс бағытын аңғартады.

       Ұлытаудан басталған өнер сапарының Алматыда жалғасуының мәні де осында. Театр өнері үшін көрерменмен жүздесу ғана емес, әріптестер арасында кәсіби пікір алмасу, жаңа шығармашылық байланыстар қалыптастыру да маңызды. Осы гастроль аясында Алматының театр қайраткерлері, режиссерлер, актерлер, театртанушылар мен мәдениет өкілдері қойылымдарды тамашалауға шақырылған. Өңірлік театрдың үлкен мәдени ортаға өз үнін қосуы – қазақ театр өнерінің тұтастығын танытатын игі қадам.

       Қойылымдар Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өтеді. Басталу уақыты – күн сайын сағат 19:00. Өнерсүйер қауым үшін бұл – Ұлытаудың сахналық тынысымен танысып, үш күн бойы театр әлеміне саяхат жасауға берілген мүмкіндік.

Subscribe to our social networks and stay up to date with all the events!

Read also

Subscribe
Comments
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите