«Алыстан жеткен асылдар» коллекциялық еске алу көрмесіне келіңіздер

«Алыстан жеткен асылдар» коллекциялық еске алу көрмесіне келіңіздер

фото: Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейі

Мұхамеджан Қожахметұлының коллекциялық көрмелері АҚШ, Ресей, Моңғолия, Иран, Түркия, Украина және Қырғызстан жұртшылығына да таныс

 

2026 жылдың 21 қазанында сағат 16.00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінің Орталық көрме залында ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, өнертанушы, коллекционер Мұхамеджан Қожахметұлы Әлімбаевтың туғанына 75 жыл толуына орай «Алыстан жеткен асылдар» атты коллекциялық еске алу көрмесінің ашылу салтанаты және осы аттас екі томдық эссе-естеліктер, мақалалар және өмірбаяны жайлы кітабының таныстырылымы өтеді, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы.

М. Әлімбаев арнайы этнографиялық экспедициялар ұйымдастырып, Республикамыздың түкпір-түкпірінен құнды жәдігерлерді жинақтау процесін өмір бойы үзбеді. Еліміздің түрлі музейлерінде өнер жанашырының қолынан өткен 300-ден астам экспонаттары сақтаулы тұр. Бүгінде оның жеке коллекциясында 1000-ға жуық қолөнер жәдігері жинақталған.           

Оның коллекциялық көрмелері АҚШ, Ресей, Моңғолия, Иран, Түркия, Украина және Қырғызстан жұртшылығына да таныс. М. Әлімбаев саналы ғұмырын осы бағалы жәдігерлерді зерттеп, кеңінен насихаттауға арнады. Айта кетерлігі, оның жеке көрмесі  1990 жылы дәл осы Орталық көрме залында өткен болатын, ал араға отыз алты жыл салып қайта ұсынылуы – өнер сүйер көрерменге үлкен тарту.

Көрмеде 200-ден астам тоқыма, кесте, түсті металл, зергерлік және көркем ағаш бұйымдары таныстырылады. 

Экспозицияның ауқымды бөлігін тоқыма өнері құрайды. Мұнда ХХ ғасырдың екінші жартысындағы халық шеберлерінің қолынан шыққан түкті кілемдердің жарқын үлгілері, тақыр кілемдердің ішіндегі «арабы» түрлері және геометриялық өрнектермен орындалған ерекше алашалар қойылған. Осы техникамен жасалған бау-басқұрлардың бірнеше түрі мен төртбұрышты әмбебап қаптардың қос бөліктен тұратын нұсқалары – бүгінде сирек кездесетін бағалы жәдігерлер. Ал кесте өнерінің сәні саналатын тұскиіздердің өсімдік тектес, геометриялық ою-өрнектермен, түйме және сүйектермен әрленген үлгілері көздің жауын алады. Бұл туындылар көбіне қызыл-күлгін реңкте орындалып, бірқатары біз кесте әдісімен тігілген.

Фото: Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі.

Экспозицияның тағы бір бөлігі жез бен мыстан жасалған ыдыс-аяқтарға арналған. 

Мұнда біртекті өрнекпен әрленген түрлі пішіндегі самаурындар, сондай-ақ құмыралар, құмандар мен табақтар қойылған. Бұл жәдігерлер – көне дәуірде көркем металл өңдеу ісін меңгерген шеберлердің өшпес мұрасы. Көрмеден еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған зергерлік бұйымдарды да көруге болады. Олардың жасалу мәнері арқылы әр аймақтың өзіне тән ерекшелігі мен дәстүрі бірден танылады. Экспонаттар арасында М. Әлімбаевтың өз қолынан шыққан авторлық әшекейлері де бар. Атап айтқанда, Ә. Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінің қорында сақталған, бойжеткендерге арналған толыққанды зергерлік жиынтықты да осы көрмеден көре аласыз. Ал ағаштан бапталған жәдігерлер қатарында киіз үй керегелері, ер-тұрмандар, жүнтарақтар және басқа да тұрмыстық бұйымдар таныстырылады. Әсіресе бүгінде сирек ұшырасатын станоктық жүнтарақ өткен ғасырдағы тоқымашылардың еңбек тынысын көз алдыңызға әкеледі. Көрмедегі ерекше жәдігер ҚР Ұлттық орталық музейі қорынан алынған автордың экизімен жасалған кілемше. Бұл жәдігерді 1991 жылы Мұхамеджан Қожахметұлы Тоқтар Әубәкіровке ғарышқа ұшар алдында сыйға тартқан. Кілемше қазақ қолөнері бұйымдары арасында алғаш космоста болған экспонат.

Бұл көрмеде ұсынылған дүниелер – М. Әлімбаев мұрасының бір парасы ғана. Ал оның ұшан-теңіз қорымен түгел танысу үшін әлдеқайда ауқымды кеңістік қажет.

Фото: Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі.

Мұхамеджан Қожахметұлы Әлімбаев 1951 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданында дүниеге келген. 1978 жылы Алматы қаласы Гоголь атындағы көркемсурет училищесінің «Металды көркемдеп өңдеу» мамандығын тәмамдап, 1981 жылы Киров атындағы Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін аяқтады. Қызметтік жолын қолөнер саласы мен ұлттық мұраның насихаттауға арнады. Қазақстан суретшілер одағына 1979 жылдан мүшелік етіп, басқарма мүшесінде, қолөнер секциясының төрағасы және Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің қолөнер бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі бола жүріп, қазақ бейнелеу өнерін насихаттайтын жүзден астам мақаласы жарық көрді. 1992-96 жылдары Қазақстан халықтары қолөнер бөлімінің жетекшісі қызметін атқара жүріп көптеген көрмелер ұйымдастырды.

Көрменің ашылу салтанаты аясында Мұхамеджан Әлімбаевтың эссе-естеліктері мен мақалалары енген «Алыстан жеткен асылдар» деген екі томдық кітабының тұсаукесері өтеді. Бұл жинаққа өнертанушының ұлы Ғабит Әлімбаев әкесінің өмір жолы мен өнерге қадам басқан сәттері туралы естеліктерін, кезінде баспасөз беттерінде жарық көрген мақалаларын және ол жайында жазылған пікірлерді топтастырған. Әдеби-публицистикалық басылымның жарық көруіне қайраткердің көзін көрген өнердегі үзеңгілестері Е. Нұразхан мен М. Жұмағалиев атсалысты.

Бүгінде елімізде ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлғаларды ұлықтауға айрықша мән беріліп келеді. Қазақ мәдениеті мен өнеріне саналы ғұмырын арнаған айтулы қайраткерлердің өнегелі жолы – өскелең ұрпаққа әрдайым тағылымды үлгі. Осындай біртуар тұлғалардың бірі Мұхамеджан Қожахметұлының туғанына 75 жыл толуына орай ұйымдастырылған бұл еске алу көрмесі де сабақтастық пен ұлттық мұраға адалдықтың жарқын көрінісі болмақ.

 

Көрме 03 қарашаға дейін жалғасады

Көрме жетекшісі – Ақжігіт Нүсіп

Subscribe to our social networks and stay up to date with all the events!

Read also

Subscribe
Comments
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите