Пәтер алуды немесе жылжымайтын мүлікке инвестиция салуды жоспарлағандар тұрғын үй нарығындағы бағаны үнемі зерделейтіні анық. Осы орайда жаңа және екінші нарықтағы пәтерлердің құнын анықтап көрдік.
Бүгінде Қазақстан бойынша жаңа пәтерлердің 1 шаршы метріне арналған орташа құны — 486 364 теңге.
Ал қалалар ішінде Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау және Семейде үй қымбат тұрады.
Ең арзан пәтерлер — Жезқазғанда. Өйткені, онда тұрғын үйлер тек мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатыр.
Сонымен бірге Ақтөбе, Көкшетау, Орал мен Қызылорда шаһарларында баспана құны салыстырмалы түрде арзан.

Фото: ҚазАқпарат
Ал екінші нарықтағы пәтерлердің бағасы жаңа үйдің құнынан әлдеқайда қымбат. Бұл тізімде тағы да Астана, Алматы, Шымкент қалалары көш бастап тұр.
Сондай-ақ, Қонаев, Талдықорған және Семей шаһарларынан пәтер сатып алуға ниеттілердің қалтасы қалың болғаны абзал.
Себебі аталған қалаларда әр шаршы метрдің орташа құны — 400-460 мың теңге аралығында.
Ал Тараз, Түркістан мен Көкшетауда екінші нарықтағы үйлердің бағасы өзге өңірлермен салыстырғанда біршама арзан. Онда 1 шаршы метрге арналған орташа баға 290 мың теңгенің маңайында.

Фото: ҚазАқпарат
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сай, жалпы нарықта жаңа пәтерлердің бағасында төмендеу немесе қымбаттау байқалған жоқ.
Дегенмен екінші нарықтағы баспана құны 1,8 пайызға арзандаған.
Дереккөз ҚазАқпарат.