Өнердегі тұтас бір дәуірдің өкілі, қазақ киносының Қыз Жібегі атанған Меруерт Өтекешова 75 жаста! Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында Қазақстанның халық артисінің мерейтойына арналған «Қазақтың Қыз Жібегі» атты шығармашылық кеш өтті.
Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен кеште актрисаның саналы ғұмыры мен сахна, экрандағы жарқын бейнелері көрермен назарына ұсынылды. Өнер иесінің әріптестері мен шәкірттері бас қосқан тағылымды кеш концерттік нөмірлер мен театрландырылған қойылымдарға ұласты. Көрермен актрисаның шығармашылық жолынан сыр шертетін бейнежазбаны да тамашалады.
Кеш барысында қазақ театр өнерінің белгілі туындыларынан үзінділер орындалып, Меруерт Өтекешова сомдаған Қарагөз бейнесі қайта жаңғырды. Әсем әуен мен би өрнектері де мерейтойдың мазмұнын аша түсті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнін орындап, кештің көркін қыздырды.
Бұл – бір актрисаның мерейтойын атап өту ғана емес, қазақ өнеріне ғұмырын арнаған тұлғаның шығармашылық мұрасына көрсетілген құрмет. Өнер жолындағы ізденісімен, сомдаған қайталанбас бейнелерімен көрермен жадында қалған Меруерт Өтекешоваға арналған кеш «Театр – біздің тағдырымыз» композициясымен қорытындыланды.