Болашаққа егілген бәйтерек

Болашаққа егілген бәйтерек

фото: atr.kz

       Табиғатты аялау — туған жерге деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі. Осы игі ұстанымды ісімен көрсеткен елордалықтардың бастамасына назар аударайық.

       Астанада «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында екі мектептің аумағына жүзден астам ағаш көшеті отырғызылды. Еуразиялық банк қызметкерлері мен елорданың Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы бірлесіп ұйымдастырған шараға мектеп өкілдері және «Жер елшілері» жастар экологиялық қозғалысының мүшелері де қатысты.

       №118 жайлы мектептің ауласына елу түп алма ағашы егілді. Білім ордасының директоры Лаура Балабаеваның айтуынша, мұндай бастамалар балалардың бойында табиғатқа жанашырлық сезімін қалыптастырып, қоршаған ортаны қорғаудың маңызын ұғындырады. Халқымыздың «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген даналық сөзі де осыны меңзейді.

       Еуразиялық банктің Астанадағы филиалының директоры Әсия Құлдыбаева бұл шараның нәтижесінде мектеп аумағында жаңа жасыл аллеяның негізі қаланғанын атап өтті. Оның айтуынша, ағаш отырғызу — бір күндік науқан ғана емес, келер ұрпаққа жайлы орта қалдыруға бағытталған игілікті іс.

       Шынында да, бүгін топыраққа тамыр жайған әрбір көшет ертең саялы ағашқа айналып, қала көркіне көрік қосары сөзсіз. Ал табиғатқа қамқорлық бала кезден қалыптасса, қоршаған ортаны қорғау әр адамның өмірлік дағдысына айналады. Туған жерді таза ұстау мен көркейту — бәрімізге ортақ міндет.

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите