Жамбыл облысында жаңа туған нәрестені қауіпті жағдайда қалдырған күдікті әйел анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті мәлімдеді.
Полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру және тергеу іс-шаралары барысында күдікті қысқа уақытта анықталған, деп жазды 24.kz. Ведомствоның мәліметінше, әйел кінәсін мойындады.
Дәрігерлер Жамбыл облысында қоқыс жәшігінен табылған жаңа туған нәрестенің жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды sputnik.kz.
Нәресте – қыз бала. 2 қыркүйек күні сағат 10:00-де Қордай аудандық орталық ауруханасының босандыру бөліміне жеткізілген.
"Нәрестенің жағдайы орташа ауыр. Болжамды гестациялық жасы – 36 апта, салмағы – 1778 грамм. Өзі тыныс алып жатыр, гемодинамикасы тұрақты", – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Қазіргі уақытта нәрестеге қажетті медициналық көмек көрсетіліп, тиісті медициналық тексерулер жүргізіліп жатыр.
Полиция қызметкерлері қысқа уақыт ішінде жаңа туған нәрестені қауіпті жағдайда қалдырған күдікті әйелді анықтады. Ол өз кінәсін мойындады.
Жан-жақты және толық тергеп-тексеру нәтижелері бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
Еске салайық, бүгін таңертең Қордай ауданындағы Гвардейский гарнизоны аумағындағы қоқыс контейнерлерінің бірінен жаңа туған сәби табылған еді.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу барысына қатысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Ақпарат 24.kz, sputnik.kz сайтынан алынды.