Алматыда жүгіруді үйрететін тегін жаттығулар өтеді. Қалай қатысуға болады?

Алматыда жүгіруді үйрететін тегін жаттығулар өтеді. Қалай қатысуға болады?

фото: pixabay.com

Алматыда жүгіруді енді бастағандар мен тәжірибелі спортшыларға арналған тегін жаттығулар ұйымдастырылады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы baribar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Спорт басқармасының мәліметінше, жаттығуларға кәсіби жаттықтырушылар қатысады.

Жаттығулар қайда және қашан өтеді?

Almaty Marathon ұйымдастырушысы – «Бірінші болу батылдық» корпоративтік қоры әр сәрсенбі және сенбі сайын Орталық стадионда жаттығу өткізеді.

Қатысушылар жаттықтырушылардың жетекшілігімен жүгіру техникасын жетілдіріп, физикалық жүктемені дұрыс бөлуді үйренеді. Алдын ала тіркелудің қажеті жоқ. Жаттығудың нақты уақыты @openrunam Telegram арнасында жарияланады. Ал әр жексенбі сайын қаланың түрлі бағыттарында Community Almaty Run тегін жүгіру жаттығулары өтеді. Қатысушылар өзіне ыңғайлы қашықтық пен қарқынды таңдай алады.

Жүгіруден кейін дайындық, қалпына келу, дұрыс тамақтану және жарақаттың алдын алу тақырыптарында ашық дәрістер ұйымдастырылады. Жаттығу кестесі @runalmatymarathon Telegram арнасында жарияланады.

Жаңадан бастаушыларға қандай кеңес берілді?

Жаттығу әдетте денені қыздырудан, жүгіруден, баяулап тынысты қалпына келтіруден және созылу жаттығуларынан тұрады. Жүгіруді енді бастағандарға өзіне ыңғайлы қарқынды таңдап, алғашқы жаттығуға келгенін жаттықтырушыға алдын ала ескерту ұсынылады. Жаттығуға ыңғайлы спорттық киім, жүгіруге арналған аяқ киім және жеткілікті мөлшерде су алып келу керек.

Айта кетейік, Алматы әкімдігінің қолдауымен 15-ші Almaty Marathon 27 қыркүйекте өтеді. Мерейтойлық марафонға 60-тан астам елден 16 мың қатысушы жиналады.

 

Ақпарат baribar.kz сайтынан алынды. 

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите