«Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы «Мөлдір бұлақ» республикалық экологиялық акциясының екі кезеңінде еліміздің 17 өңірі мен Шымкент қаласында 94 бұлақ пен 62 су нысаны тазартылды. Акцияға 23,7 мыңнан астам адам, оның ішінде 3 мыңға жуық ерікті қатысты.
Жоба аясында су саласындағы алғашқы еріктілер қозғалысы – «Болашақтың қайнары» құрылып, оның мүшелері қосымша 5 бұлақ пен 6 су айдынының жағалауын тазалады. Өңірлерде өткен экологиялық шаралар барысында өзен-көл жағалауларынан бірнеше тонна қоқыс шығарылып, бұлақ көздері қалпына келтірілді.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышевтің айтуынша, акция қазақстандықтардың экологиялық мәдениетін нығайтып, су ресурстарын қорғауға жастар мен қоғамның белсенді қатысуына серпін берді.