Қазақстан даласы дәл қазір табаға шыжғырғандай "қуырылып" жатыр.
Алапат аптап құрсауы: қауіп аймағына 17 өңір кірді
"Қазгидромет" РМК ресми сайтындағы Қазақстан Республикасының интерактивті картасы бүгінде сұрапыл соғыс қимылдарының картасын елестетеді: өне-бойы үрейлі қою қызыл түспен боялып, "лапылдап жанып" жатқандай. Синоптиктердің болжамы сұмдық: шілде айында "жоғары өрт қаупі" елдегі 20 өңірдің бірден 17-сін қамтыды.
Оның арасында Жамбыл, Павлодар, Ақмола, Қызылорда, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе, Қарағанды, Түркістан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Абай және Жетісу облыстары бар.
Ең қорқыныштысы сол, осы аймақтардың басым бөлігінде, оның ішінде Жетісу, Абай, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Қарағанды, Алматы, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында ең жоғарғы – "төтенше өрт қаупі" жарияланды.
Бұл өңірлерде кез келген кездейсоқ ұшқын – найзағай немесе темекі тұқылы жойқын өртке ұласып кетуі мүмкін.
Қазақстанның ысу қарқыны әлемдік көрсеткіштен жоғары
Кейінгі онжылдықтарда климат қалай өзгерді? "Қазгидромет" республикалық мекемесінің көп жылдық бақылау деректері мынадай ащы шындықты анықтады: Қазақстан аумағында ауа температурасының тұрақты әрі тым қарқынды көтерілу процесі жүріп жатыр.
"1976 жылдан бастап елдегі орташа жылдық ауа температурасы әр 10 жыл сайын шамамен 0,4°C-қа артып келеді. Бұл Қазақстандағы жылыну қарқынының әлемдік орташа көрсеткіштерден әлдеқайда асып түсетінін (!) айғақтады. Температураның ең қарқынды өсуі көктемгі кезеңде байқалады. Бұл маусымда жылыну қарқыны онжылдықта шамамен 0,7°C-ты құраса, кейбір аймақтарда тіпті 0,9°C-қа дейін жетті", – деп мәлімдеді елдің бас метеорологиялық қызметі.
Тіпті өткен 2025 жылдың өзі Қазақстандағы метеорологиялық бақылаулар тарихындағы ең ыстық жыл деп ресми түрде танылған еді. Ал, биылғы жыл ол рекордты да бұзып, жаңартып үлгерді.
Әдетте өз бағалауларында сақ әрі ұстамды болатын "Қазгидромет" мамандары да қазіргі жағдайды "аномалияға" теңеп отыр.
"Елдегі орташа жылдық ауа температурасының климатологиялық нормадан ауытқуы, аномалиясы қазірдің өзінде шамамен +2,9°C-қа жетті. Сонымен қатар, Қазақстандағы бақылау тарихындағы ең ыстық 10 жылдың 9-ы дәл осы XXI ғасырға сәйкес келді", – деп назар аударды синоптиктер.
Қазақ даласы төрт түлік малдан айрылмай ма?
Метеорологтар елде сонау 1992 жылы орнаған тарихи температуралық максимумның биыл бұзылғанын мәлімдеді. Осынау қорқынышты динамиканы халыққа ұғынықты ету үшін мамандар маусым айындағы ауа райы 50 жыл бұрын, 30 жыл бұрын және қазіргі 2026 жылы қандай болғанын салыстырып көрді. Қорытынды мәліметтер жаға ұстатады.
Астанада осы жылғы жаздың алғашқы айында ең жоғарғы температура 25,1°C деңгейінде тіркелсе, түнгі минимум экстремалды 21,2°C-ты құрады. Салыстырсақ, 1975 жылы өңірде күндіз сәл жылырақ (27°C) болғанымен, түн көптен күткен жанға жайлы салқындық әкеліпті: түнгі уақытта 14,4°C-қа дейін суыған. Ал, 1995 жылы түнгі температура тіпті ызғарлы 13,4°C-қа дейін төмендепті.
Алматыда 2026 жылдың маусымында аспан айналып түскендей ми қайнатар ыстық орнады: күндіз термометр бағаналары 37,4°C-қа дейін шарықтады. Бұдан 50 және 30 жыл бұрын өңірде маусымдағы ең жоғары көрсеткіш сәйкесінше небары 28,9°C және 29,4°C-тан аспаған екен.
Яғни, бүгінде жануарлар мен өсімдіктер тіпті қараңғы түнде де дамыл таба алмайды. Экстремалды аптаптан титықтаған орман мен дала тұрғындары – жабайы аңдар да, малдар да тұншықтырар тымырсық ауадан қос бүйірі солықтап, түн ішінде жан сауғалар жер таба алмай әлек.
Осындай ауыр жағдай мал өсірушілерді тығырыққа тіреді. Жан төзгісіз аптап, сондай-ақ маусым мен шілде айларында құла түзде жауын-шашынның жаумауы көптеген аудандардағы жайылымдар мен шабындықтарды күйдіріп, жойып жіберіпті.
Егер ауа райы таяу арада қалыпқа келмесе, фермерлер дағдарысқа тап болады: қазірдің өзінде мал жаятын жайылым да, қысқа жем-шөп дайындайтын жайлау да қалмай барады, дейді сарапшылар. Бұл туралы әлеуметтік желіде белгілі аграршы, бұған дейін "Qazaq Aqbas" республикалық палатасының директорлар кеңесін басқарған Қуаныш Сүлейменов ескертті.
"Еліміздің ауыл шаруашылығында болып жатқан жағдай қабырғама батады. Облыстарды аралап жүріп, биыл ыстықтың егістік пен шабындықты қалай жаппай күйдіріп жатқанына куә болдым. Сондықтан әкімдіктерді, ауыл шаруашылығы басқармаларын және Ауыл шаруашылығы министрлігін шұғыл түрде дағдарысқа қарсы жоспар әзірлеуге шақырамын! Өңіраралық байланыстарды жедел жолға қойып, зардап шеккен аудандар мен облыстарға жем-шөппен көмектесу қажет. Бүгінде мал шаруашылығы өте ауыр жағдайда тұр: шөптің жоқтығы фермерлерді малды жаппай сойып тастауға мәжбүр етеді!" – деп ащы шындықты алға тартты Сүлейменов.
Шаруа қауымының жанашыры Үкімет пен әкімдерге әрбір аймақ пен ауданның жем-шөппен қамтылуы жағдайына шұғыл талдау жасауды ұсынды. Оның пікірінше, елде жұт болмауы үшін мал шаруашылығын құтқару алгоритмі мынадай болуға тиіс: біріншіден, шөбі жеткілікті, жайлауы көк шүйгінмен жайқалып тұрған аймақтарды анықтап, ол жерлерге техниканы жұмылдыру, пішен шабу науқанын барынша тездету қажет.
Екіншіден, жиналған өнімнің бір бөлігін құрғақшылықтан зардап шеккен аймақтарға жедел жеткізуді ұйымдастыру керек. Үшіншіден, фермерлерге әр шаруашылықтағы мал басының санына қарай нысаналы субсидиялар бөлінуі шарт. Әйтпесе, олар қымбат жем-шөпті сатып ала алмайды.
"Әрбір сиырға, соның ішінде ағымдағы жылы туылған бұзауларға дейін субсидия қарастыру керек. Бұрынғы құрғақшылық жылдары бюджеттен бір басқа 5 мың теңгеден берілуші еді. Енді ол қаржы ештеңеге жетпейді, сол себепті бұл шекті көтеру қажет", – деді Қуаныш Сүлейменов.
Төртіншіден, сарапшының байламынша, "құрғақшылықтан қурап қалған бидай және басқа дақылдардың алқаптарын амалсыз қайта жыртуға кіріскен" егіншілерге сақтандыру компаниялары арқылы қаржылай көмек беру маңызды. Бұл олардың 2027 жылғы келесі егіс науқанына тұқым сатып алуға қаражаты болуы үшін ауадай қажет.
"Бұл – бүгінгі таңдағы ең маңызды, ең шешуші міндет. Уақытылы қабылданған шаралар ауыл шаруашылығы тауарларының бағасын осы күзде-ақ тұрақтандырады және ет құнының 2027 жылдың көктемінде күрт өсіп кетуіне жол бермейді", – деді Қуаныш Сүлейменов.
"ElDala" аграрлық порталы да бұл мәселенің күрделі кесірі болатынын жазды: Қазақстанда сиыр еті бағасының алдыңғы күрт өсуі де өткен жылдардағы құрғақшылықтың тікелей салдары болатын. Ол кезде фермерлер жем-шөптің тапшылығынан сиырлары мен қойларының едәуір бөлігін пышаққа жыққан еді. Мемлекет пен бизнес бірнеше жылдан бері ірі қара мал санын қалпына келтіре алмай жатқанда, жаңа апат төніп тұр.
Супер-Эль-Ниньоның астықты жаппай қурату қаупі бар ма?
"Қазгидрометтің" ресми түрде жариялаған "шілде айына арналған құрғақшылық болжамы" төбе шашты тік тұрғызады. Оның болжамынша, 2026 жылы қуаңшылық және ылғалдың қатты тапшылығы елдің мынадай шешуші аймақтарын қамтиды:
Абай облысында: Абай, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар және Мақаншы аудандары;
Алматы облысында: Балқаш, Іле және Жамбыл аудандары;
Жетісу облысында: Қаратал, Алакөл және Панфилов аудандары;
Жамбыл облысында: Мойынқұм, Қордай, Т.Рысқұлов, Сарысу және Талас аудандары;
Түркістан облысында: Арыс, Қазығұрт, Ордабасы, Жетісай аудандары және Түркістан қаласының өзі;
Қызылорда облысында: Қазалы, Қармақшы аудандары және Қызылорда қаласы;
Павлодар облысында: Ертіс, Успен, Шарбақты, Май және Баянауыл аудандары;
Қарағанды облысында: Ақтоғай, Қарқаралы және Шет аудандары;
Шығыс Қазақстан облысында: Күршім, Тарбағатай және Шемонаиха аудандары.
Жағдайдың ары қарай ушығу қаупі бар: Қазақстанда егіннің пісу кезеңі мен орақ науқаны Эль-Ниньо фазасының ең жоғары шарықтау шегіне тұспа-тұс келгелі тұр. Еске сала кетсек, Эль-Ниньо – Тынық мұхитының орталық және шығыс бөліктеріндегі су беті температурасының аномалді көтерілуі. Бұл бүкіл Жер шарындағы экстремалды ауа райы құбылыстарының жойқын тізбекті реакциясын туғызуда.
Бұл жолғы Эль-Ниньо құбылысын синоптиктер соңғы 140 жылдағы ең күштісі деп бағалап отыр. Шілденің басында-ақ Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым (ДМҰ) алдағы айларда күшті Эль-Ниньоның тез пайда болу ықтималдығы артқанын ресми болжады.
"Тынық мұхитының экваторлық бөлігінде барлық қауіпті жағдайлар қалыптасып болды. Болжау моделдерінің қорытындысы да бір арнада тоғысты: бұл Эль-Ниньо барынша жойқын әрі қуатты болады", – деп мәлімдеді ДМҰ ғалымы Альваро Сильва.
Өз кезегінде Еуропалық Copernicus Marine Service қызметі жаһандық ауқымда 2026 жылдың бірінші жартысы бақылау тарихындағы ең ыстық кезең болғанын жариялады: дүниежүзілік мұхит бетінің орташа температурасы 2026 жылдың алғашқы 6 айында ғаламат 20,94°C-қа жетті. Климатологтар бұл супер-Эль-Ниньо салдары планетаны 2026 жылдың соңына дейін және бүкіл 2027 жыл бойы қатты мазалайтынын ашық ескертеді.
Қазақстанның оңтүстік және батыс аймақтарында термометр бағаналары қазірдің өзінде +45°С деңгейіне жетті. Енді ыстықтың рекордтық +65°С-қа (топырақтың қызуы) дейін қайта көтерілуі күтілуде.
Қазақстанның Астық одағының талдау комитетінің төрағасы Евгений Карабанов маусым айының екінші жартысында экстремалды аптап елдің негізгі астықты өңірлеріне жеткенін еске салды.
"Солтүстік өңірлердің көпшілігінде биыл құрғақ және ыстық ауа райы орнықты. Күндіз ауа 33–36°С-қа дейін ысиды. Кей жерлерде топырақтың температурасы қауіпті 65°С-қа жетті. Бұл жапырақтарды термиялық күйік шалуына, өсімдіктердің қатты күйзеліске ұшырауына және топырақ ылғалының тым жылдам буланып кетуіне соқтырды. Кейбір аймақтарда, әсіресе Қазақстанның шығысы мен орталығында бұл ылғалдың өткір тапшылығын тудырып, егіннің өсуін тежеп тастады", – деп алаңдаушылық білдірді Карабанов.
Аграрлық маусымның екінші жартысы сарапшылардың зәре-құтын қашырып отыр: себебі, Тынық мұхитындағы Эль-Ниньоның ең жоғары және ең жойқын соққысы дәл осы егін пісетін және жиналатын маңызды кезеңге келеді.
2026 жылдың жазы Қазақстанның мал және өсімдік шаруашылығын, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін үлкен сынаққа салып тұр. Фермерлер мен мемлекет қызыл жалын атқан аптапқа және Тынық мұхитынан соққан Эль-Ниньо дауылына қарсы тұра ала ма? Бұл сұрақтың жауабын уақыт және биліктің қаржылай толық қамтамасыз етілген, жылдам әрі батыл шешімдерді қабылдай алу қабілеті көрсетеді.
Дерек көзі: https://inbusiness.kz