Ауыл вокзалы 1929 жылы салынса, Белағаш вокзалының тарихы 1914 жылдан бастау алады
Абай облысында теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы аясында алғашқы екі жаңартылған нысан пайдалануға берілді.
"Ауыл" станциясының теміржол вокзалы 1929 жылы салынса, Белағаш вокзалының тарихы 1914 жылдан бастау алады. Осы жолы екі нысанда ауқымды жаңарту жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда, шатырды ауыстыру, ішкі және сыртқы әрлеу, сумен жабдықтау, кәріз, желдету, ауаны баптау, жылу және электрмен жабдықтау инженерлік желілері жаңартылды. Сондай-ақ жолаушылар платформаларын реконструкциялау және іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары атқарылды.
Жаңа жиһаз бен барлық қажетті техника да қойылды.
Тәуелсіздік жылдарындағы теміржол вокзалын жаңғыртудың ең ірі бағдарламасы былтыр басталған болатын. Соның аясында 124 вокзал жаңартылады. Биыл 1 шілдеге дейін тағы 28 нысанда реконструкциялау жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.
Дерек көзі: https://sputnik.kz