Жасөспірімдер қылмысына компьютерлік ойындар кінәлі ме – психолог пікірі

Жасөспірімдер қылмысына компьютерлік ойындар кінәлі ме – психолог пікірі

фото: pexels.com

Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың артуына фильмдер мен компьютерлік ойындардың әсері жиі талқыланады. Алайда мамандар экрандағы контенттің ықпалы баланың психологиялық жағдайына, отбасындағы тәрбиесіне және қоршаған ортасына тікелей байланысты екенін айтады. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Психолог Жансая Оралбекқызының пікірінше, жасөспірімдер қылмысының көбеюі туралы түсінік көбіне мұндай оқиғалардың ақпарат құралдарында жиі жариялана бастауымен байланысты.

Жансая Оралбайқызы Фото виеодан салынған скрин

– Бұған дейін де жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар болған. Қазір ақпарат ашық таралатындықтан, қоғам бұл мәселелерді көбірек байқап отыр, – дейді маман Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында.

Оның айтуынша, фильмдер мен ойындардың адам психикасына әсері жөнінде ғылыми ортада әлі де пікірталас жүріп жатыр. Кейбір зерттеулер олардың жағымды әсерін көрсетсе, енді біреулері кері ықпалын жоққа шығармайды.

Мәселен белгілі бір ойындар адамның жылдам ойлауына, тез шешім қабылдауына және командалық әрекетке бейімделуіне көмектеседі. Сонымен қатар үшөлшемді ортада жұмыс істеу ми белсенділігін арттырып, когнитивтік қабілеттерді дамытуы мүмкін.

Алайда психологтың сөзінше, барлық контент бірдей пайдалы емес. Әсіресе жасөспірімдер жақсы мен жаманды ажырата алмайтын кезеңде күмәнді ойындар мен агрессивті мазмұндағы өнімдердің ықпалына тез түседі.

Маман танымал фильмдердегі кейіпкерлерге еліктеу құбылысына да тоқталды. Оның айтуынша, бір фильмді әр бала әртүрлі қабылдайды.

– Мысалы буллинг көрген немесе ата-анасының мейірімін жеткілікті сезінбеген жасөспірім экрандағы агрессивті кейіпкерді өзіне жақын қабылдап, үлгі тұтуы мүмкін. Ал психологиялық жағдайы тұрақты бала сол туындыны жай ғана көркем шығарма ретінде қабылдайды. «Слово пацана», «Рэкетир» немесе «Джокер» секілді фильмдердің әсері де дәл осындай факторларға тәуелді. Сондықтан фильм көргеннен кейін бала міндетті түрде агрессорға айналады деу қате, – дейді Жансая Оралбекқызы.

Ол баланың отбасындағы тәрбиесі, өмірлік тәжірибесі және психологиялық жағдайы маңызды рөл атқаратынын айтады. Осыған байланысты маман ата-аналарға балалардың қандай фильм көріп, қандай ойын ойнайтынына қызығушылық танытуға кеңес береді.

– Қатаң бақылаудан гөрі ашық әңгіме мен сенімді қарым-қатынас әлдеқайда тиімді. Сондай-ақ жас ерекшелігіне қойылған шектеулерді сақтау керек. Себебі бала санасы толық қалыптаспаған кезеңде экрандағы кейіпкерлерді шынайы өмірдегі үлгі ретінде қабылдау қаупі жоғары болады. Ең бастысы балаларға ақпаратты сыни тұрғыдан бағалауды үйрету қажет. Сонда олар кез келген фильм мен ойынның астарындағы ойды дұрыс түсініп, виртуалды әлем мен шынайы өмірдің арасындағы шекараны ажырата алады, – деп ескертеді маман.

Подписаться