Болашақ үшін бүгіннен үнемдейік

Болашақ үшін бүгіннен үнемдейік

фото: https://www.istockphoto.com/portfolio/Andrzej_Rostek

       Еліміздің ірі қалаларында халық саны артып жатқанымен, тұрғындардың су тұтыну көлемі азайып келеді. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.

       Мамандардың мәліметінше, соңғы бір жылда Астана, Алматы және Шымкент қалаларында бір тұрғынға шаққандағы орташа су пайдалану көрсеткіші төмендеген. Бұл азаматтардың суды ұқыпты пайдалануға бет бұрып, табиғи ресурстарды үнемдеудің маңызын тереңірек түсіне бастағанын аңғартады.

       Суды тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыру мақсатында министрлік арнайы әдістемелік ұсынымдар әзірлеген. Қазір осы бағыттағы ақпараттық материалдар еліміздің әуежайларында, теміржол және автовокзалдарында, сауда орталықтары мен білім беру ұйымдарында кеңінен орналастырылып жатыр.

       Сонымен қатар балалар мен жастардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға арналған «Суды үнемде – болашақты сақта» жобасы жүзеге асуда. Жоба аясында мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында ашық сабақтар мен экосағаттар өткізіліп, үш миллионнан астам оқушы мен студент қамтылған.

       Министрлік бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді. Жыл соңына дейін педагогтерге арналған әдістемелік материалдар әзірлеу және суды үнемдеу мәселелеріне арналған республикалық ата-аналар форумын өткізу жоспарланып отыр.

       Су – тіршілік көзі. Сондықтан әрбіріміз суды ұқыпты пайдаланып, табиғи байлықты келер ұрпақ үшін сақтауға үлес қосайық.

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите