Алматы метросы кеңейеді: Қытайлық серіктестермен жаңа жобалар талқыланды

Алматы метросы кеңейеді: Қытайлық серіктестермен жаңа жобалар талқыланды

фото: kaz.inform.kz

       Алматы қаласында метро желісін кеңейтуге қатысты маңызды халықаралық келіссөздер өтті. Қала әкімі Дархан Сатыбалды Қытайға жасаған жұмыс сапары барысында көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері жөнінде бірқатар кездесулер өткізді. Басқосуларда қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттыру, жол жүру уақытын қысқарту және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытындағы жобалар сөз болды.

       Сапар аясында шаһар басшысы China Railway Asia-Europe Construction Investment Company компаниясының басшылығымен және China CITIC Bank өкілдерімен кездесті. Тараптар Алматы метрополитенін дамыту, жаңа бағыттарды іске қосу және инвестициялық әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады.

       Келіссөздердің негізгі тақырыбы Қалқаман станциясынан Барлық базарына дейін созылатын жаңа метро желісінің құрылысы болды. Ұзындығы 5,3 шақырым болатын бағытта үш жаңа станция салу көзделген. Жобаны іске асыру 2026–2029 жылдарға жоспарланып отыр.

       Мамандардың айтуынша, жаңа желі қаланың батыс бөлігіндегі көлік жүктемесін азайтып, жолаушылардың жолға кететін уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қоғамдық көлік қызметінің сапасы мен тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

       Кездесулер барысында метро құрылысы мен көлік инфрақұрылымын дамытуға арналған жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері де қарастырылды. Бұл бастамалар Алматының заманауи көлік жүйесін қалыптастырып, мегаполис тұрғындарының күнделікті қатынасын әлдеқайда ыңғайлы әрі қауіпсіз етуге бағытталған.

      

Подписаться