Жаз мезгілінде көптеген оқушы алғашқы табысын табуға ұмтылады. Мамандардың айтуынша, 14 жастан бастап жасөспірімдерге жеңіл еңбекпен айналысуға рұқсат етіледі. Бірақ жұмыс оқу уақытынан тыс болуы тиіс. Заң бойынша 14 пен 16 жас аралығындағы жеткіншектер аптасына 24 сағаттан артық жұмыс істей алмайды. Ал 16 мен 18 жас аралығына аптасына 36 сағатқа дейін еңбек етуге мүмкіндік бар.
Мамандар жасөспірімдерді ауыр, қауіпті әрі түнгі жұмыстарға тартуға тыйым салынатынын ескертеді. Сонымен қатар еңбек шарты міндетті түрде ресми тіркелуі керек. Бұл жасөспірімнің құқығын қорғап, еңбек өтілінің есептелуіне мүмкіндік береді.
Қазір жастарға арналған бос жұмыс орындары Enbek.kz және hh.kz платформаларында ұсынылады. Әсіресе әлеуметтік желі модераторы, онлайн-көмекші, курьер, промоутер секілді digital бағыттағы жұмыстарға сұраныс артып келеді.
Сондай-ақ «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы да жастар уақытша жұмыспен қамтылуда. Биыл жоба аясында 34 мыңнан астам жасты жұмысқа тарту жоспарланған. Бағдарламаға қатысушылар көгалдандыру, абаттандыру және әлеуметтік нысандардағы жұмыстарға қатысады.
Мамандар күмәнді вакансиялардан сақ болып, ресми келісімшартсыз жұмысқа келіспеуге кеңес береді.