Қазақстанда құрылыс лицензияларына қатаң бақылау күшейеді

Қазақстанда құрылыс лицензияларына қатаң бақылау күшейеді

фото: https://egemen.kz

       Қазақстанда құрылыс саласында жұмыс істейтін компанияларға қойылатын талаптар күшейтілмек. Үкімет талапқа сай келмейтін ұйымдардың лицензиясын тоқтату немесе толықтай кері қайтарып алу бойынша жаңа бақылау тетіктерін іске қосуды жоспарлап отыр.

       Премьер-министр Олжас Бектенов мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында құрылыс саласын жаппай тексеру емес, тәуекел деңгейіне қарай “нүктелік бақылау” тәсілі қолданылатынын айтты. Оның сөзінше, бұған дейін берілген барлық лицензияны қайта қарау тиімді емес, сондықтан күмән тудыратын компанияларға ғана ерекше назар аударылады.

       Үкімет енді лицензия иелерін бірнеше мемлекеттік база арқылы автоматты түрде сараптамадан өткізбек. Тексеру кезінде компанияның техникалық мүмкіндігі, инженерлік мамандары, материалдық базасы және бұрын жүзеге асырған жобалары ескеріледі. Сонымен қатар лицензиялардың тоқтатылуы немесе қайтарып алынуына қатысты барлық ақпарат арнайы цифрлық реестрге енгізіледі.

       Жаңа бақылау жүйесі Бас прокуратура, Қаржы мониторингі агенттігі және өзге де мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен біріктіріледі. Егер заңбұзушылық анықталса, алдымен компанияға ескерту жасалады. Ал талаптар орындалмаса, лицензияның күші тоқтатылып немесе толық жойылуы мүмкін.

       Үкіметтің мәліметінше, бұл өзгерістер жаңа Құрылыс кодексі аясында жүзеге асады. Құжат лицензия алғаннан кейінгі бақылауды күшейтіп, компаниялардың нақты талаптарға сәйкестігін тұрақты түрде бақылауға мүмкіндік береді.

       Сондай-ақ саладағы ашықтықты арттыру мақсатында e-Qurylys цифрлық платформасы енгізіліп жатыр. Жүйе арқылы құрылыс нысандарын қабылдау, тексеру және мемлекеттік сатып алу процестері электронды форматта бақыланады.

       Билік бұл шаралар құрылыс саласындағы жемқорлық тәуекелдерін азайтып, нарықтағы жауапкершілікті күшейтуге ықпал етеді деп есептейді.

        https://stan.kz/

Подписаться