Алматы облысының прокуратурасы білім беру саласында балалардың құқықтарының бұзылуын анықтады.
Белгілі болғандай, мектепте 1000-нан астам бала ыстық тамақ ішпеген.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекеттік білім беру ұйымдарында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балалары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілуге тиіс.
Алайда жүргізілген тексеру нәтижесінде облыстың 70-тен астам мектебінде: Еңбекшіқазақ ауданы – 45, Талғар – 7, Жамбыл – 5, Ұйғыр – 14, Қарасай – 4, Қонаев қаласы – 9 мектепте аталған талаптардың сақталмағаны анықталды. Нәтижесінде 1 101 бала мемлекеттік қолдаудың бұл түрімен қамтылмаған, - деп хабарлады Алматы облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша балалардың құқықтары қалпына келтіріліп, барлық оқушы тиісті тамақпен қамтамасыз етілді, кінәлі лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылды.
Жалпы ағымдағы жылдың басынан бері облыс прокуратурасымен 30 мыңға жуық баланың құқықтары мен заңды мүдделері қорғалды.
https://baq.kz/