Мектеп оқушыларының профилактикалық тексерулері толық цифрландырылмақ

Мектеп оқушыларының профилактикалық тексерулері толық цифрландырылмақ

фото: aikyn.kz

       Елде мектептегі медициналық қызмет жаңармақ. Бұл туралы Денсуалық сақтау министрлігі мәлімдеді. 

       2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап барлық мектептерде балаларды профилактикалық медициналық тексерудің жаңа форматы кезең-кезеңімен енгізіледі. Жаңа жүйе аясында оқушылардың денсаулығына қатысты барлық мәлімет цифрландырылып, электрондық денсаулық паспорты қалыптастырылады. 

       Министрлік мәліметінше, қазіргі профилактикалық тексеру жүйесі көбіне формалды түрде өтіп, негізгі назар сапаға емес, сандық көрсеткіштерге аударылып келген. Соның салдарынан балалар арасындағы денсаулық мәселелері дер кезінде анықталмай отыр. Әсіресе бейінді дәрігерлер тапшылығы мен медицина қызметкерлеріне түсетін жүктеменің көп болуы бір баланы қарауға бөлінетін уақытты қысқартып жіберген. 

       Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық тексерулердің жаңа моделін енгізбек. Енді мектептер цифрлық электрокардиографтармен, пульсоксиметрлермен, бой-өлшеуіштермен, таразылармен, отоскоптармен және телемедициналық кешендермен жабдықталады. Кейін интраоральды камералар, плантографтар мен авторефрактометрлер де қосылады. 

       Министрлік жаңа жүйе балалар арасындағы ауруларды ерте анықтауға, ерекше білім беру қажеттілігі бар және мүгедектігі бар балаларды бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді деп отыр. Сонымен қатар барлық медициналық дерек Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне енгізіліп, баланың денсаулық тарихы үздіксіз қадағаланбақ. 

       https://24.kz/kz/

 

Подписаться