Қытай миллиардерлер саны бойынша әлемде тағы көш бастады

Қытай миллиардерлер саны бойынша әлемде тағы көш бастады
фото: https://pixabay.com/

Аспан асты елінде 1 110 миллиардер бар.

Қытай тағы да ең көп миллиардері бар елге айналды. Бұл туралы қытайлық Hurun зерттеу компаниясы дайындаған Hurun Global Rich List 2026 есебінде айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Есепке сәйкес, әлемдегі миллиардерлер саны алғаш рет 4 мыңнан асып отыр. Олардың жалпы саны 4 020 адамға жетті. Қытай қайтадан ең көп миллиардері бар елге айналды. Былтырғы есепте бұл көрсеткіш бойынша АҚШ топ бастаған болатын.

Соңғы мәліметтер бойынша Қытайда 1 110 миллиардер бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 287 адамға көп. Ал АҚШ екінші орында тұр (1 000 миллиардер). Бұл көрсеткіш бір жыл ішінде 130 адамға артқан. Жүзден астам адам тізімнен шыққанына қарамастан, төрткүл дүниедегі миллиардерлер саны бір жылда 578 адамға көбейіп, жаңа рекорд орнатты. Биыл тізімге 726 жаңа миллиардер енген. Бұл дегеніміз орта есеппен күніне екі жаңа миллиардер қосылып отырады. Олардың 318-і Қытайға тиесілі.

Миллиардерлер саны бойынша үшінші орын Үндістанға тиесілі – 308 адам. Одан кейін Германия (171), Ұлыбритания (150) және Швейцария (114) тұр. Ал Ресей жетінші орынға жайғасқан. Бұл елде 105 долларлық миллиардер бар. Көрсеткіш 2025 жылғы есеппен салыстырғанда 16 адамға артық.

Қалалар арасында миллиардерлер саны бойынша Нью-Йорк көш бастады. Мегаполисте 146 миллиардер тұрады.

Әлемдегі ең бай адам – Илон Маск. Оның дәулеті 792 млрд доллар деп бағаланып отыр. Екінші орында Джефф Безос тұр, оның байлығы шамамен 300 млрд доллар.

Дерек көзі: https://inbusiness.kz