WhatsApp

Ғылымдағы нәтиже мен жауапкершілік: Президент сыны нені аңғартады?

Ғылымдағы нәтиже мен жауапкершілік: Президент сыны нені аңғартады?
фото: https://pixabay.com/ru/

       Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өткен ғылыми қауымдастықпен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғылым саласының өзекті мәселелерін ашық көтеріп, бірқатар түйткілдерге нақты тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы жылдары жүзеге асырылған ғылыми жобалардың тиімділігі күткен деңгейден әлдеқайда төмен болып отыр.

       Президент келтірген деректерге сүйенсек, үш мыңнан астам ғылыми жобаның небәрі 193-і ғана коммерцияландыруға лайық деп танылған. Оның ішінде тек 29 жоба ғана нақты нарыққа жол тапқан. Бұл көрсеткіштер ғылыми ізденістер мен олардың практикалық нәтижесі арасында алшақтық бар екенін айқын көрсетеді. Яғни, ғылым бар болғанымен, оның ел экономикасына тигізер нақты пайдасы мардымсыз күйде қалып отыр.

       Мемлекет басшысы осы ретте Ғылым қорының жұмысына да сын айтып, оның қызметін қайта қарау қажеттігін алға тартты. Қорға инновациялық жобаларды қолдау мақсатында бірқатар жаңа мүмкіндіктер берілгенімен, нақты нәтиже байқалмайды. Керісінше, жүйедегі олқылықтар мен бақылаудың әлсіздігі бірқатар келеңсіз жағдайларға жол ашқан.

       Атап айтқанда, тексеріс барысында грант ретінде бөлінген қаражаттың мақсатсыз жұмсалып, кей жағдайда қайтадан ұйым қызметкерлеріне аударылғаны анықталған. Нәтижесінде 11 қылмыстық іс қозғалған. Бұл – ғылым саласындағы ашықтық пен жауапкершілік мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсететін маңызды белгі.

       Президент мұндай жағдайлардың туындауына жауапкершіліктің төмендігі, бақылау тетіктерінің әлсіздігі және цифрландыру деңгейінің жеткіліксіздігі себеп екенін атап өтті. Шынында да, заманауи талаптарға сай басқару жүйесі қалыптаспайынша, ғылымның тиімділігі арта қоймайды.

       Бүгінгі таңда ғылым тек теориямен шектелмей, нақты өндіріс пен экономикаға қызмет етуі тиіс. Әрбір ғылыми жоба елдің дамуына үлес қосып, қолданбалы сипатқа ие болуы маңызды. Бұл – жаһандану дәуіріндегі бәсекеге қабілеттіліктің басты шарттарының бірі.

       Қорытындылай келе, Мемлекет басшысы атап өткендей, шынайы жетістікке жету үшін тек табыстарды емес, сәтсіздіктерді де саралап, одан сабақ алу қажет. Ғылым саласындағы кемшіліктерді жасырмай, ашық айту – оны дамытудың алғашқы қадамы. Ендеше, бұл сын – жүйені жаңғыртуға, ғылымды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты сигнал деп қабылдануы тиіс.