фото: pixabay.com
Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты әлемде энергетикалық дағдарыс күшейді. Тіпті кей мемлекетте билік қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы qazaqstan.tv сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Шри-Ланкада қуатты үнемдеу үшін сәрсенбі күні демалыс деп жарияланды. Ал Пәкістанда мемлекеттік қызметкерлердің бір бөлігі қашықтан жұмыс істеуге көшірілген. Вьетнамда әуе компаниялары ұшақ рейстерінің санын қысқартуға мәжбүр.
Үндістан
Шикі мұнайдың 90 пайызы мен сығылған газдың жартысын импорттайтын Үндістан Ормуз бұғазы арқылы тасымалдың үзілуінен қиналды. Елдің бірқатар штатында жанармай құю станцияларында ұзын-сонар кезек түзіліп, адамдар сағаттап күтуге мәжбүр. Алайда билік елде мұнайдың стратегиялық қоры 74 күнге жететінін айтып, энергетикалық дағдарысты жоққа шығарды.
Филиппин аралдары
Филиппин аралдарының билігі елдің энергетикалық саласында төтенше жағдай жариялады. Ел астанасы Манилада ақпанмен салыстырғанда дизель отынына баға екі есе өскен. Көлік жүргізушілері, түрлі сала қызметкерлері қымбатшылыққа қарсы екікүндік ереуіл жариялады. Аралдық мемлекет те шикі мұнайды түгелдей дерлік Таяу Шығыстан тасымалдайды.
Оңтүстік Корея
Оңтүстік Кореяның Ансан қаласында полиэтилен шығаратын зауыт өндіріс көлемін қысқартты. Әдетте 100 тонна өнім өндіретін кәсіпорын енді оның тек 20-30 пайызын ғана шығаруға мәжбүр. Ел шикі мұнайдың 70 пайызын Ормуз бұғазы арқылы алады. Апта басында үкімет энергетикалық дағдарысқа жол бермеу үшін қуатты үнемдеу науқанын бастады.
Сомали
Отын тапшылығы мен жанармай бағасының өсуінің салдарын африкалықтар да сезінді. Сомали астанасы Могадишада қоғамдық көлік саналатын моторикшалар немесе тук-туктар тоқтап тұр. Мыңдаған отбасы табыссыз қалды
Жаңа Зеландия
Жаңа Зеландияда жанармайдың қымбаттауынан жергілікті тұрғындар әдеттегі көліктерден бас тартып, аккумулятор батареяларымен жүретін электромобильдерге көше бастаған. Үкімет сәуірден бастап халықты қолдауға бағытталған шаралар қабылдамақ. 150 мыңға жуық балалы отбасына аптасына қосымша 50 жаңазеландиялық доллардан беріледі.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через