фото: freepik.com
Бұл жоба Қытай тарапының қаражаты есебінен жүзеге асырылады
Қазақстан мен ҚХР еліміздің су шаруашылығы саласына жұмысшы кадрлар даярлайтын бірлескен колледж құруға бағытталған іс-шараларды іске асыруды жоспарлап отыр, деп хабарлады су ресурстары және ирригация министрлігі.
Атап айтқанда, колледжді құрудың ұйымдастырушылық-құқықтық моделін әзірлеу, су шаруашылығы саласының қажеттіліктерін ескере отырып, басым бағыттағы мамандықтар бойынша білім беру бағдарламаларын дайындау және келісу көзделген.
Сонымен қатар су шаруашылығы объектілерінде өндірістік тәжірибеден өтіп, дуальды оқытуды енгізу және оқу жоспарларын, зертханалық базаны және біліктілікті арттыру бағдарламаларын әзірлеуге қытайлық серіктестерді тарту көзделеді.
Бұдан бөлек, білім алушылардың академиялық ұтқырлығын ұйымдастыру, оның ішінде қысқамерзімді тағылымдамалар мен оқу модульдерін өткізу, сондай-ақ түлектердің біліктілігін тану және оларды су шаруашылығы саласындағы ұйымдарға одан әрі жұмысқа орналастыру мәселелерін пысықтау қарастырылған.
"Бұл жоба Қытай тарапының қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Колледж білікті жұмысшы кадрлар мен орта буын мамандарын даярлауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қытайлық серіктестермен бірлесіп, қазіргі уақытта жұмыс істеп жүрген мамандардың біліктілігін арттыру жұмыстары да жүргізіліп жатыр", – деді министрліктің ғылым және инновациялық технологиялар департаментінің директоры Ләззат Жүсіпова.
Министрлік мәліметінше, биыл Power China компаниясының есебінен Қытайға оқуға 200 адам жіберіледі. Былтыр көрші елде су шаруашылығы саласындағы 125 маманымыз білімін жетілдірген болатын.
Дерек көзі: https://sputnik.kz
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через