Қарағандыда күніне 30 есірткі орамасын жасырған студент 15 жылға сотталды

Қарағандыда күніне 30 есірткі орамасын жасырған студент 15 жылға сотталды
фото: https://pixabay.com/

Берілген координаттар бойынша тағы 3,34 грамм каннабис экстракты тәркіленді

Қарағанды қаласында есірткі заттарының заңсыз айналымы мен контрабандаcына қатысты үкім шықты, деп хабарлайды қаржылық мониторинг агенттігі.

Колледж студенттерінің бірі есірткі тарату арқылы табыс таппақ болып, "Telegram" мессенджері арқылы белгісіз куратормен "жасырма-курьер" және "қойма" жөнінде келісім жасаған.

Оның міндеттеріне берілген координаттар бойынша есірткі заттарын алу, сақтау, бөліп орау, тасымалдау және қала аумағында жасырын орындарға орналастыру кірген.

"Күніне ол шамамен 30 жасырма жасырған. Сонымен қатар сотталушы Таиландтан Қазақстанға есірткі заттарын халықаралық пошта жөнелтім арқылы жеткізуді ұйымдастырған. Осы мақсатта ол "Telegram" мессенджері арқылы 400 мың теңге сыйақыға, кәмелетке толмаған дропперді тартып, жөнелтімді оның атына рәсімдеген", - дейді агенттік.

Ол тауарды алып жатқанда ұсталып, 909 грамм каннабис экстракты тәркіленді. Тінту барысында оның тұрғылықты жерінен қосымша 80 грамм есірткі заты табылды.

"Сондай-ақ ұялы телефонды тексеру кезінде оның бір күн бұрын бірнеше жасырма орналастырғаны анықталды. Берілген координаттар бойынша тағы 3,34 грамм каннабис экстракты тәркіленді", - дейді қаржылық мониторинг агенттігі.

Сот үкімімен ол 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Дерек көзі: https://sputnik.kz