фото: pixabay.com
Үндістанның Астанадағы елшілігі Алматы – Бішкек тасжолында болған жол апатынан тағы бір үндістандық студенттің көз жұмғанын хабарлады, деп жазды Kazinform.
Елшіліктің мәліметінше, 2001 жылғы 13 наурызда туған Рахул Ядав 2026 жылғы 6 қаңтардан бері ауыр хәлде жансақтау бөлімінде жатқан. Бүгін, 9 қаңтарда таңертең оның қайтыс болғаны белгілі болды.
Қазіргі уақытта марқұмның мәйітін тасымалдау бойынша ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Осы апатта қаза тапқан тағы екі үндістандық студент Каран Пармар мен Риширадж Байраттың мәйіті бүгін Үндістанға жөнелтілді. Қайғы жұтқан отбасыларға шын жүректен көңіл айтамыз. Марқұмдардың жандары жәннатта болсын, - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Алматы маңында жантүршігерлік жол апаты болғанын жазғанбыз.
Үндістанның Астанадағы елшілігінің хабарлауынша, көлік ішінде Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан медицина университетінің төрт студенті және Үндістаннан келген бір турист болған.
Олар Шымкенттен Алматыға қарай жол жүріп бара жатқан жатқан. Екі адам оқиға орнында қаза тапты, ал үшеуі ауыр жарақат алып, жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатқаны хабарланды.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға «Алматы – Бішкек» автожолының 86-шақырымында болған. Жол апатына қатысты қылмыстық іс тіркелді.
Алдын ала мәліметтер бойынша, Toyota Alphard маркалы автокөліктің 33 жастағы жүргізушісі рөлді басқара алмай, көлікті аударып алған.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через