Алматылық қыз "Голос. Дети" байқауында үшінші орын алды

Алматылық қыз "Голос. Дети" байқауында үшінші орын алды
фото: Қазақстан Қорғаныс министрлігі

"Жас сарбаз" балалар студиясының тәрбиеленушісі 12 жастағы Жасмина Түзелова "Голос. Дети" байқауында үшінші орын алды, деп хабарладй қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Мәскеуде өткен шоудың он екінші маусымында "Жас сарбаз" балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының атынан өнер көрсетті.

Бір күнде өткен финал екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде Жасмина 1973 жылы түсірілген "Бегство мистера Мак-Кинли" фильміне жазылған Владимир Высоцкийдің "Прерванный полет" әнін тебіренте орындады.

Суперфиналға шыққан үш қатысушының қатарында Жасмина да болды. Ол "Приключения Электроника" фильміндегі "Крылатые качели" әнін шырқады.

Анасының айтуынша, Жасминаның музыкалық қабілеті төрт жасында-ақ байқалған. Ол "Балапан" арнасындағы әндерді дәл нотаға түсіріп айтып, ерекше таза да кең даусымен көзге түскен.

Биыл Жасмина Орталық әскери оркестр мен Орталық ансамбль құрамында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған XVII Халықаралық "Спасск мұнарасы" әскери-музыкалық фестиваліне қатысты. Мәскеудің Қызыл алаңында ол "Әлия" әнін айтып, көрерменді өнерімен тәнті еткен болатын.

Дерек көзі: https://sputnik.kz