Алматылық әйел бір бөлмелі пәтерінде 136 қоян асыраған

Алматылық әйел бір бөлмелі пәтерінде 136 қоян асыраған
фото: pexels.com

Алматыда көпқабатты үйде қоян асыраған тұрғын көршілерін зар қақсатып отыр 

Алматыда көпқабатты үйдің тұрғындары сасық иіске тұншығып отыр. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы ktk.kz сайтына сілтемем жасап хабарлайды.  

Бір бөлмелі пәтерде қоян асырап келген жалғызбасты көршісі бұрынғы әдетіне басқан. Бес жылға созылған арпалыс үлкен айқайдан соң аяқталғандай болған. Бірақ ауруханадан шыға сала, әйел қоян асырауын қайта қолға алған. Сасық иіс подъезге дейін тарап, маңайының мазасын қашырған. Енді тұрғындар бұл мәселені қалай шешерін білмей дал. 

 Осыдан бес ай бұрын көршілер дәл осындай желеумен шағымданған. Ол кезде әйел бір бөлмелі қуыстай пәтерінде бір емес, бақандай 136 қоян асыраған. Сорақысы сол, үйдің ішінен қояндардың өлексесі де табылған. 

Тұрғындардың дабылынан кейін іске полиция араласып, жануарлар арнайы орынға жеткізілген. Ал жүйке жүйесінде ақауы бар пәтер иесі ауруханаға жөнелтілген. Алайда көршілер қолқаны қабатын жағымсыз иісті қайта сезе бастапты. 

Елена Бочкова, көршісі:  — Біз осы үйге өткен жылы көшіп келдік. Сол кезде пәтерге кіргенде шіріген заттар, нәжіс және өліктің иісі аңқып тұрды. Анасы бәрін тазалап, көшетінін айтты. Сол кезде енді мұндай жағдай қайталанбайды деп ойладық. Алайда иіс қайта шықты. Қазір подъезге, тіпті жеделсатыға сасық иіс тараған.  Тоғызыншы қабатта тұрсақ та, қоянның жүнінің иісі аңқиды.  

Сәуле Нұртазина, көршісі:  — Басында қайдан шыққан иіс екенін түсіне алмадым. Бір күні қабырғаға құлақ түріп тыңдасам, ар жақтан бірдеңенің тырмалағаны мен жүгіргендей дыбыс естілді. Мысыққа да, құсқа да ұқсамайды. Өзінен сұрайын десем, сөйлесудің еш мүмкіндігі жоқ, байланысқа шықпайды. 

Ал пәтер иесі 40 күн психиатриялық ауруханада емделіп шыққан. Айтуынша, қазір үйінде ешқандай жануар жоқ. Дегенмен пәтерге кіріп, жағдайды өз көзімізбен көруге қарсы болды. Ал бастапқыда қояндарды күтіп-баптау жайлы тәжірибесінің болмағанын айтып ақталды. 

Әсия, пәтер иесі: — Мен үйдегі жануарыма қауіп төнеді деп қорқып, тағы бір қоян алдым. Егер біреуі өлсе, тым болмаса, бірі аман қалсын дедім. Оларды бөлек ұстау керек екенін білмегендіктен, бақылауда ұстай алмай қалдым. Сатуға, тіпті тегін таратуға тырыстым, бірақ жаңа иелері тамақтандырмаған соң, қояндарды қайта әкелуге тура келді. Қазір үйімде ешқандай қоян жоқ. 

Сасық иіске тұншыққан жұрттың көршісіне деген өкпесі қара қазандай. Олар жауаптылардан жануарларды қайта әкетуді деп талап етіп отыр.

ktk.kz сайтының материалдарын пайдалану Материалды мәтіннің бірінші немесе екінші сөйлемінде негізгі мәтін ретінде бір шрифтпен орналастырылуы тиіс материалға тікелей гиперсілтеме болған кезде рұқсат етіледі.