Неге қазақстандықтар тісін "емдету" үшін Атырауға барған?

Неге қазақстандықтар тісін "емдету" үшін Атырауға барған?
фото: pixabay.com

2021 мен 2025 жыл аралығында Отбасы банкінің enpf-otbasy.kz платформасы арқылы тек «Стоматологиялық қызметтер» бағыты бойынша 757 млрд теңгеге 795 424 транзакция жасалған. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.  
Оның ішінде 222,61 млрд теңге ТОП-20 стоматологиялық клиникаға түскен. Бұл клиникалардың жартысы Атырауда, қалғандары Алматы мен Астанада орналасқан.

Фото: pixabay.com.

— Мәселен, тек Атыраудағы бір клиникаға азаматтар 22,9 млрд теңге зейнетақы жинағын аударған. Жекелеген жағдайларда клиенттер ондаған миллион теңгені тіс емдеуге пайдаланып отырған. Клиенттердің бірі 11 рет БЖЗҚ-дағы қаражатты тіс емдеуге пайдалану үшін өтініш берген. Оның жалпы тіс емдеуге алған сомасы 32,6 млн теңге. Егер бір имплант пен тіс тәжін орнату құны 500 мың теңге деп есептесек, 65 имплант қоюға жетерлік қаражат алынған, — делінген Отбасы банк таратқан мәлімдемеде.

Тағы бір клиент тісін емдеуге 24,7 млн теңге жұмсаған. Бұл қаражат бірден стоматологияға аударылған. 

Келесі жағдайда клиент тіс емдеу үшін зейнетақы жинағының артығын пайдалануға, 27 рет өтініш берген. Нәтижесінде 13,1 млн теңге аударылған. Көбіне еліміздің түпкір-түпкірінде тұратын азаматтар тісін Атыраудағы стоматологияларда емдетуді таңдаған, — делінген Отбасы банк таратқан мәлімдемеде.

Тексеру кезінде жалған анықтамалар мен құжаттар тапсырылғаны да белгілі болды. Бұл — зейнетақы қаражатының мақсатсыз жұмсалғанын айғақтайды.

2026 жылдың сәуіріне дейін мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, тіс емдеуге зейнетақы ақшасын пайдалану барысында алаяқтық әрекеттердің алдын алу үшін тиімді жүйе әзірленетін болады.