фото: pixabay.com
Қазақстанда дүкендерді бір тауарға екі баға көрсетуге міндеттеуі мүмкін: бөліп төлеу арқылы сатып алғанда және бірден төлеген жағдайда. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) төрайымы Мәдина Әбілқасымова осылай мәлімдеді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Үкімет кулуарында журналистер сұрағына жауап берген Әбілқасымова екі бағалық көрсеткіш идеясын "агенттік қолдайтынын" айтты.
"Біз тауарлық желілер банктер арқылы рәсімделетін бөліп төлеуді ұсынатынын көріп отырмыз, сондықтан артық пайыз қосылмауы маңызды", – деді ол.
Агенттік төрайымының айтуынша, тауарлық кредит кәдімгі кредит ретінде қарастырылып, қарыз алушыны ақпараттандырудың барлық талабына сай болуы тиіс.
"Қарыз алушы тауарды немесе бөліп төлеуді рәсімдегенде қанша артық төлейтінін білуі керек. Егер тауар қолма-қол ақшаға алынса – бір баға, егер бөліп төленсе – басқа баға. Сатып алушы кредит рәсімдеген кезде тауардың құнына қандай үстеме қосылатынын түсінуі қажет", – деп толықтырды ол.
Мәдина Әбілқасымова бұл бастаманың тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталғанын ерекше атап өтті.
"Бұл жұмысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, Ұлттық банк және Сауда министрлігімен бірлесіп жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Біздің ойымызша, тауарда кем дегенде екі баға көрсетілуі тиіс", – деді ҚНРДА төрайымы.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через