фото: pixabay.com
Түркия аll inclusive жүйесінен түбегейлі бас тартуы мүмкін. Себебі, астатөк дастарқанға көзі қызыққан туристер ысырап жасайды екен. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы ktk.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ресми дерек бойынша, мұнда жылына 23 миллион тонна ас қоқысқа тасталады. Дегенмен отандастарымыз Жерорта теңізінің жағалауын осы швед үстелі үшін таңдайтынын айтады. Ал бұл жүйені алып тастаса, басқа жаққа саяхаттауға тура келеді дейді олар.
Жерорта теңізінің жағалауы отандастарымыз үшін сұранысқа ие бағыттардың бірі.
Әсіресе, аста-төк тамағы бар аll inclusive бағдарламасы біздің жұртқа майдай жағады. Енді сол швед үстелін алып тастаса, Түркияға ұшудан біраз туристің бас тартатын түрі бар. Мәселен, осы елге саяхаттауды жоспарлап қойған Нұрбек Хасенов қазір екіойлы болып отыр.
Нұрбек Хасенов: — Аll inclusive арқылы біз басымызды қатырмай, таңертең не жегіміз келеді, соны жейміз. Түрлі тамақ бар. Егер аll inclusive бағдарламасын алып тастаса, біз басқа курорттарды таңдаймыз.

Фото: pixabay.com.
Ал жүйені алып тастау туралы бастаманы көтеріп жатқан Түркия мейрамханалар мен туризм қауымдастығы екен. Себебі, елде тонналаған тамақ ысырап болып жатыр дейді. Әсіресе қонақүйлердегі таңғы астың 50 пайызы қоқысқа кетеді. Көп тағамға шанышқы да тимейді. Алайда ережеге сәйкес, тәрелкеге салынған барлық ас қоқысқа тасталуы тиіс.
Рамазан Бингөл, Түркия мейрамханалар мен туризм қауымдастығының президенті: — Адамдар үлкен таңдау бар деп ойлап, өзіне ұсынғанның бәрін салып алады да, оны тауысып жемейді. Соның салдарынан миллиондаған лира босқа кетіп жатыр. Ауыл шаруашылығы және азық-түлік саясаты жөніндегі кеңес қазір егжей-тегжей баяндама дайындап жатыр. Бұл баяндаманы алдымен Президентке, содан кейін екі ай ішінде тиісті мекемелерге ұсынамыз.
Ал біздің туроператорлар бұл мәселенің талайдан бері көтеріліп келе жатқанын айтады әрі Түркияның бас салып сұранысқа ие жүйені алып тастауы екіталай деп отыр.
Наталья Вайншток, туристік агенттіктің директоры: – Біздің туристердің шамамен 40 пайызы Түркияны аll inclusive үшін таңдайды. Әсіресе кішкентай балалары бар отбасы. Оларға қандай тамақ беремін деп бас қатырмас үшін өте ыңғайлы. Менің ойымша, бұл жүйені бірден алып тастай қоймайды. Басқа амал табуы мүмкін немесе тамақтануды түрлі санатқа бөледі. Себебі, Түркия туристердің қалауына ерекше мән береді.
Расында бастаманы көтергендер балама ретінде “а-ля-карт” жүйесін ұсынуда. Оған сәйкес, қонақтар тек өзі тапсырыс берген тағамды алады. Ал әзірге отандастармыз Кемер, Белек, Бодрум мен Аланьяда швед үстелінен дәм татып, қалағанынша сусын ішіп демалысын өткізіп жатыр. Себебі, қазір мұндағы қонақүйлердің бәрі тек осы жүйемен жұмыс істейді.
ktk.kz сайтының материалы.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через