
фото: сурет видеокадрден алынды
Алматыда қаласында жаңа туған нәрестелерді сатуды бизнеске айналдырған қылмыстық топ ұсталды. Дүние есігін енді ғана ашқан шақалақтарды тірі тауарға айналдырған алты адам бұл іспен ұзақ жыл бойы айналысқан болуы мүмкін, деп хабарлайды "Сапалы Қазақстан" порталы.
Polisia.kz келтірген дерекке сәйкес, бұл қылмыстық тізбек соңғы бірнеше жыл бойы әлеуметтік желілер арқылы ұйымдастырылып келген. Қаскөйлердің негізгі мақсаты – әлеуметтік жағынан осал топтағы әйелдерден, соның ішінде шетел азаматтарынан туған сәбилерді сатып алуға ниетті адамдарға заңсыз жолмен беруді ұйымдастыру болған. Жедел іс-шаралар барысында жаңа туған ұл баланы қомақты ақшаға сату әрекеті құжатталған. Ақша беру кезінде күдіктілер қылмыс үстінде ұсталды. Нәресте мемлекет қамқорлығына беріліп, тиісті мекемеге орналастырылды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу амалдары қолға алынды, сондай-ақ елдің басқа өңірлерінде осыған ұқсас эпизодтардың болуы мүмкіндігі тексеріліп жатыр.
- Бұл – бір реттік әрекет емес. Мұнда тұрақты, тіпті өңіраралық байланыстары бар тізбектің бар болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Барлық қатысы бар адамды анықтау жұмыстары жалғасуда. Балаларға, әсіресе жаңа туған сәбилерге қатысты заңсыз әрекеттер – бұл ерекше қатыгез және ауыр қылмыс. Мұндай әрбір дерек заң аясында әділ бағасын алады, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Куатбек Науатов.
Күдіктілерден 5 миллион теңге тәркіленген. Қылмыстық кодекстің нормалары бойынша жаңа туған нәрестені сату аса ауыр қылмыс болып саналады. Мұндай айуандыққа барған қаскүнем 7 жыл және одан да көп мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите
Авторизация через