АҚШ-тың Федералдық байланыс комиссиясы Илон Масктың SpaceX компаниясына Жер орбитасына 1 миллионға дейін спутник шығаруға рұқсат берді.
Олар жасанды интеллект жүйелеріне арналған ғарыштық деректерді өңдеу орталықтары ретінде жұмыс істемек. Жоба Starmind деп аталады, деп хабарлайды «Сапалы Қазақстан» порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Интернет тарататын Starlink спутниктерінен айырмашылығы, Starmind аппараттары деректерді тікелей ғарышта өңдейді. Олар күн панельдері арқылы энергия алып, лазерлік байланыс арналары мен Starlink желісі арқылы ақпаратты Жерге жеткізеді.
Осылайша, Илон Маск көп энергия тұтынатын есептеу жұмыстарын Жердегі дата-орталықтардан ғарышқа көшіруді көздеп отыр.
Жоспар бойынша алғашқы спутниктер 2033 жылдың қарашасынан кешіктірілмей іске қосылуы тиіс. 2035 жылға қарай олардың саны кемінде 100 мыңға, ал 2038 жылы 500 мыңға жетуі керек. Жобаны 2040 жылға қарай толық жүзеге асыру жоспарланған.
Алайда Масктың бұл бастамасы ғалымдар мен ғарыш саласы мамандарының алаңдаушылығын туғызды. Ғарыштық дата-орталықтардың жұмысына алып күн панельдері мен күрделі салқындату жүйелері қажет. Сонымен қатар спутниктер санының күрт артуы олардың соқтығысу және ғарыш қоқысының көбею қаупін арттырады.
Астрофизик Адам Бекер жобаны техникалық тұрғыдан жүзеге асыру мүмкіндігіне күмән келтіріп, спутниктердің тізбекті соқтығысуына әкелетін Кесслер синдромы қаупін ескертті.
Еуропалық ғарыш агенттігінің мәліметінше, қазір Жер орбитасында 15,8 мыңға жуық жұмыс істеп тұрған спутник бар. Ал істен шыққан аппараттар, зымыран бөлшектері мен ғарыш қоқысын қоса есептегенде, бақылаудағы нысандардың жалпы саны 47 мыңнан асады.
Дерек көзі: https://inbusiness.kz