15–20 қараша аралығында Алматы қаласындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «ALMATY THEATRE FEST» республикалық театр фестивалі өтеді. Мәдени шара театрдың 10 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр.
Алты күнге созылатын өнер мерекесінде еліміздің кәсіби театрларының сарапшылар іріктеуінен өткен 10 үздік спектаклі көрермен назарына ұсынылады. Биылғы фестивальдің ерекшелігі – конкурстық форматта өтпейді. Яғни, жүлделі орындар мен арнайы аталымдар қарастырылмаған. Басты назар қойылымдардың көркемдік құндылығы мен эстетикалық мазмұнына аударылады.
Сондай-ақ әр спектакльден кейін белгілі театртанушылар мен театр сыншыларының қатысуымен кәсіби талқылаулар ұйымдастырылып, отандық театр өнерінің бүгінгі бағыт-бағдары мен өзекті мәселелері сөз болады. Ал 15 қараша күні сағат 15:00-де БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясы, 16:00-де фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі өтеді.
Айта кетейік, фестиваль аясындағы барлық спектакльге кіру тегін, алайда көрермен орындарының саны шектеулі. Қойылымдар Алматы қаласындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында өтеді. Театрсүйер қауым үшін бұл – еліміздің сахна өнеріндегі үздік туындылармен танысып, кәсіби өнердің тынысын сезінуге мүмкіндік беретін тағылымды мәдени шара.