Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Хань Чуньлин Қытайда оқығысы келетін қазақстандық жастарға келешегі зор төрт мамандық бағытын атады, деп хабарлайды «Сапалы Қазақстан» порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
БАҚ өкілдері Қытайда білім алғысы келетін қазақстандық жастар қандай мамандық түрлерін таңдаған дұрыс деген сұрақ қойды. Қытай елшісі Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының даму үрдістерін негізге ала отырып, бірқатар бағытқа тоқталып өтті.
"Біріншіден, бұл – жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар, цифрлық экономика сияқты сұранысқа ие мамандықтар. Қытай осы салаларда қарқынды дамып келеді әрі елдеріміз осы бағыттарда өзара ынтымақтастықты белсенді түрде нығайтып жатыр. Сондықтан бұл мамандарға деген сұраныс арта түседі", – деді Хань Чуньлин.
Екінші бағыт – энергетикалық инженерия, энергетика, пайдалы қазбаларды игеру және материалтану саласындағы мамандықтар. Қытайдың Қазақстандағы елшісінің сөзінше, бұл Қазақстанның дәстүрлі түрде басым салалары саналады. Сондай-ақ бүгінде тараптар арасындағы ынтымақтастықтың аса маңызды бағытының бірі болып отыр.
Дипломат көлік және логистика, халықаралық тасымалдар, трансшекаралық электрондық коммерция және халықаралық сауда салаларына да назар аударуға шақырды. Оның айтуынша, "Бір белдеу, бір жол" бастамасын бірлесіп жүзеге асыру аясындағы байланыстар нығайған сайын, бұл салалардағы мамандар үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді.
Қытай елшісі заманауи ауыл шаруашылығы, экология және қоршаған ортаны қорғау салаларына да тоқталып өтті. Оның пікірінше, тараптар агротехнологиялар мен "жасыл" даму салаларында орасан зор ынтымақтастық әлеуетіне ие, бұл өз кезегінде жаңа сұраныстың қалыптасуына жол ашады.
"Әрине, мамандық таңдауда адамның жеке қызығушылықтары мен мансаптық жоспары ескерілуі тиіс. Бұдан бөлек, қытай тілін жетік меңгеру Қытайда білім алудың берік негізі саналады", – деді Хань Чуньлин елордада журналистермен өткен кездесуде.
Дипломат баспасөз брифингінде екі ел арасындағы визасыз режимнің арқасында туристік сапарлар көрсеткіші артқанын айтты.
"Қазақстан тарапының деректеріне сүйенсек, 2025 жылы Қазақстанға Қытайдан 969 мың турист келсе, Қазақстан азаматтарының Қытайға жасаған сапарларының саны 730 мыңға жеткен. Осы жылдың тоғыз айы бойынша Қазақстандағы қытайлық туристер саны 937 мыңға, ал Қытайдағы қазақстандық туристер саны 690 мыңға жетті", – деді ол.
Атап өту керек, бүгінгі таңда Қытайдың 11 қаласынан Қазақстанға тұрақты тікелей әуе рейстері орындалады.
Дерек көзі: https://inbusiness.kz