Қан тамырындағы жасырын жау

Қан тамырындағы жасырын жау

фото: rg.ru

       Қандағы холестерин деңгейінің жоғарылауы көп жағдайда ешқандай белгі бермейді. Алайда оның салдары жүрек пен қан тамырлары үшін қауіпті болуы мүмкін. Әсіресе төмен тығыздықтағы липопротеиндер (ТТЛП), яғни халық арасында «жаман холестерин» аталып кеткен көрсеткішті бақылау маңызды. Өйткені оның шамадан тыс көбеюі атеросклероздың дамуына жол ашады.

       Ұлттық госпитальдің кардиолог дәрігері Маргарита Бирюктің айтуынша, ТТЛП артерия қабырғаларына жиналып, атеросклероздық түйіндердің пайда болуына ықпал етеді. Соның салдарынан қан тамырлары тарылып, серпімділігін жоғалтады. Бұл ағзаларға қан мен оттегінің жеткізілуін қиындатып, жүректің ишемиялық ауруы, миокард инфарктісі және ишемиялық инсульт қаупін арттырады. Әсіресе жасы ұлғайған адамдарда мұндай өзгерістер жиі кездеседі.

       Холестериннің қалыпты деңгейі қандай болуы керек?

       ТТЛП холестеринінің нысаналы көрсеткіші әр адамның денсаулық жағдайы мен жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупіне қарай белгіленеді. Қауіп деңгейі неғұрлым жоғары болса, холестерин көрсеткіші соғұрлым төмен болуы тиіс. Мәселен, қауіп факторлары жоқ адамдарда ТТЛП деңгейі 3,0 ммоль/л-ден төмен болғаны жөн. Орташа қауіп кезінде бұл көрсеткіш 2,5–2,6 ммоль/л-ден, жоғары қауіп тобында 1,8 ммоль/л-ден төмен болуы қажет. Ал инфаркт немесе инсульт өткерген, атеросклероз диагнозы қойылған пациенттер үшін нысаналы деңгей 1,4 ммоль/л-ден төмен болуы ұсынылады. Кейбір аса жоғары қауіп жағдайларында дәрігер бұдан да төмен көрсеткішті мақсат етуі мүмкін.

       Жүрекке қандай факторлар қауіп төндіреді?

       Жүрек-қан тамырлары ауруларының даму себептері өзгертуге болатын және өзгертуге келмейтін факторларға бөлінеді. Бірінші топқа темекі шегу, қан қысымының жоғарылауы, дұрыс тамақтанбау, қозғалыстың аздығы, артық салмақ, қант диабеті, алкогольді шамадан тыс тұтыну және ұзаққа созылған күйзеліс жатады. Бұлардың алдын алып, өмір салтын өзгерту арқылы ауру қаупін төмендетуге болады.

       Ал жас мөлшері, жыныс және тұқым қуалаушылық – адамның өз еркімен өзгерте алмайтын факторлары. Дегенмен оларды ескеру жүрек-қан тамырлары ауруларының жалпы қаупін дұрыс бағалауға мүмкіндік береді.

       Кімдер холестерин деңгейін тұрақты тексеруі керек?

       Кардиолог Маргарита Бирюк ТТЛП көрсеткішін бақылау әсіресе 40 жастан асқан адамдар үшін маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ артериялық гипертензиясы, қант диабеті немесе бүйректің созылмалы ауруы бар, артық салмақтан зардап шегетін, темекі шегетін және қимыл-қозғалысы аз адамдар да тұрақты тексеруден өткені жөн. Жақын туыстары ерте жаста инфаркт немесе инсульт алған жандар, сондай-ақ жүрек-қан тамырлары ауруларын өткерген пациенттер де қауіп тобында.

       Дәрігердің айтуынша, холестериннің жоғарылауы адамға бірден сезіле бермейді. Сондықтан өзін жақсы сезіну денсаулықта мәселе жоқ дегенді білдірмейді. Жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу үшін липидтік профильді уақытылы тексеріп, нәтижесін маманмен бірге бағалау қажет. Ал жүрек-қан тамырлары қаупін нақтылау үшін дәрігерлер SCORE2 секілді арнайы есептеу жүйелерін қолданады. Денсаулыққа бейжай қарамай, холестерин деңгейін тұрақты бақылау – жүректі қорғаудың маңызды қадамдарының бірі.

       Ұлттық госпитальдің журналисі
       Жазира Зәкірқызы.

 

Подписывайтесь на наши соцсети и будьте в курсе всех событий!

Читайте также

Подписаться
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите