Байланыс операторлары тариф құнын көтермек

Байланыс операторлары тариф құнын көтермек

фото: pixabay.com

Қазақстанның мобильді операторлары тарифтік жоспарлар құнын көтермек. Баға орта есеппен 10–12 пайыз өседі деп жоспарланып отыр. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

"КаР-Тел" ЖШС (Beeline Қазақстан) бас атқарушы директоры Джаббор Каюмов биылғы тарифтердің өсуі желіні дамытуға инвестиция салу қажеттілігімен байланысты екенін айтты. Оның сөзінше, бағаның өсуі инфляция деңгейінен аспайды.

"Beeline-да биыл бұл орта есеппен 10 пайыз деңгейінде болады деп болжанып отыр және бұл барлық абонент үшін бірден енгізілмейді. Өзгеріс әртүрлі тариф бойынша кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл ретте бір абонент үшін құнның өсуі жылына бірнеше рет қайталанбайды - жылына көп дегенде бір рет болады", - деп нақтылады компания басшысы Үкіметте өткен брифинг барысында.

"Kcell" АҚ басқарма төрағасы және бас атқарушы директоры Асқар Жамбакин де тарифтердің ықтимал өсуін желілерді дамытуға бағытталған инвестициямен және операторлар шығынының артуымен байланыстырды.

Ол төрт жыл ішінде компания инфрақұрылымды дамытуға 468 миллиард теңге бөлгенін хабарлады. Атап айтқанда, кейінгі үш жылда 4G базалық станцияларының саны бес мыңнан 11 мыңға дейін өсті. Тағы үш мыңға жуық станция 5G желісін дамыту үшін орнатылды.

Kcell басшысы операторлардың шығынына электр қуаты мен жабдықтардың қымбаттауы да әсер ететінін атап өтті. Осыған байланысты компания инвестициялық белсенділікке қарай тарифтік жоспарлар құнын түзетуді жоспарлап отыр.

"Электр қуаты құнының өзгеруі, жабдықтарға жұмсалатын шығын және тағы басқасы - мұның бәрі де қымбаттап жатыр. Біз тарифтік жоспарлар құнын нарыққа сәйкес түзетеміз. Орташа есеппен өсім 10–12 пайыз болады", - деді Жамбакин.

Tele2 және Altel брендтерін ұсынатын "Мобайл Телеком – Сервис" ЖШС басқарма төрағасы Александр Бабичев мобильді интернетті тұтыну көлемі артқанына назар аударды.

Оның айтуынша, кейінгі жылдары бір абонентке шаққандағы мобильді интернетті тұтынудың орташа көлемі төрт есе өскен. Бұл желілерге түсетін жүктемені еңсеру үшін операторлардан инфрақұрылымға қосымша қаржы құюды талап етеді.

Сондай-ақ компания басшысы ұзақ мерзімді болашақта Қазақстанда мобильді байланысқа абоненттік төлемнің өсуі халық тұтынатын тауарлардың инфляция қарқынынан төмен болатынын айтты.

Бұл ретте оператор келесі жылы кейбір тарифтік жоспар құны қайта қаралады деп болжайды. Өсім тарифке байланысты 10 пайыз шамасында болуы мүмкін, бірақ 15 пайыздан аспайды.

"Біз оператор ретінде теңгерімді сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз: байланыс сапасы жақсаруы тиіс, Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы рейтингтерінде жоғары көтерілуі керек, ал Қазақстанның әрбір азаматы бұл жақсартуларды сезінуі қажет", - деп түйіндеді Бабичев.

 

Материал kaz.tengrinews.kz сайтынан алынды. 

Подписывайтесь на наши соцсети и будьте в курсе всех событий!

Читайте также

Подписаться
Комментарии
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите