Алматыда полиция қызметкерлері тұрғын үйлердің бірінен синтетикалық есірткі өндіретін шағын зертхананы анықтап, оның жұмысын тоқтатты.
– Жедел уәкілдердің назарына көпқабатты тұрғын үй кешенінде "мефедрон" синтетикалық есірткісін дайындау арқылы есірткі бизнесін жолға қойған қаланың 34 жастағы тұрғыны ілікті. Шағын зертхананың ерекшелігі - қаскүнем жағымсыз иіс, газдармен көршілердің назарын аудармау үшін өндірісті ғимараттың ең жоғарғы қабатында әрі сорғышты үйдің желдеткіш шахтасына қосу арқылы арнайы ұйымдастырған.
Пәтерді тінту кезінде бір килограмм дайын өнім, кристалдары бар алты шыны науа, дихлорметан құйылған алты бөтелке, реактивтері бар тоғыз канистр, зертханалық ыдыстар, электронды таразылар және жеке қорғанысқа арналған киім табылды. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 4,5 кг құрады, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 297-1-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктіге өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза тағайындалуы мүмкін.
Ішкі істер министрлігі "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында ел аумағында есірткі өндірісін ұйымдастыруға бағытталған кез келген әрекеттің жолын қатаң түрде кесетінін ескертті.
Дерек көзі: https://inbusiness.kz