Қазақстан уран саудасынан қанша табыс табады

Қазақстан уран саудасынан қанша табыс табады

фото: Коллаж: Kazinform / ЖИ

 Әлемде атом энергетикасына сұраныс артқан сайын уранға қажеттілік те өсіп келеді. Қазақстан осы нарықтағы орнын сақтау үшін жаңа кен орындарын іздеп, геологиялық барлау жұмыстарын күшейтпек. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Елімізде жаңа уран кеніштерін барлау жұмыстарын күшейту жоспарланған. Бұл саясат әлемде атом энергетикасына сұраныстың өсуімен тұспа-тұс келді.

Әлемге уран көбірек қажет

Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың 2025 жылғы World Nuclear Fuel Report есебіне сәйкес, 2025 жылы әлемдегі ядролық реакторларға шамамен 68,9 мың тонна уран қажет. Негізгі сценарий бойынша 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш 150 мың тоннадан асады. Ал атом энергетикасы қарқынды дамиды деген сценарийде қажеттілік 200 мың тоннадан жоғары болуы мүмкін.

Ядролық энергетиканың белгіленген қуаты да айтарлықтай өседі деп болжанып отыр. Негізгі сценарий бойынша ол 2025 жылғы 398 ГВт-тан 2040 жылы 746 ГВт-қа дейін жетуі мүмкін.

Уранға деген қажеттіліктің өсуі жаңа өндіріс орындары мен геологиялық барлауға инвестиция салу мәселесін де өзекті етіп отыр. 2025 жылы әлемде шамамен 60 мың тонна уран өндірілді. Ал әлемдегі ядролық қуаттың үлесін үш есе арттыру саясаты жүзеге асса, жыл сайын шамамен 250 мың тонна уран қажет болуы мүмкін.

Қазақстан қанша уран экспорттады?

Дүниежүізілік банктің мәліметінше, Қазақстан - табиғи уран экспорты бойынша әлемдегі жетекші елдердің бірі. 2024 жылы ел 4,54 млрд долларға 28 мың тоннадан астам табиғи уран және оның қосындыларын экспорттаған. Жалпы соңғы жылдары экспорт құны айтарлықтай өсті.

Инфографика Инфографика: Kazinform

Осылайша, 2016-2024 жылдары Қазақстан шамамен 23,4 млрд доллардың табиғи уранын экспорттады.

2024 жылы қазақстандық уранның негізгі сатып алушылары Ресей, Қытай, АҚШ, Франция және Канада болды. Ресейге 1,81 млрд доллар, Қытайға 1,76 млрд, АҚШ-қа 313,5 млн, Францияға 310,9 млн және Канадаға 248,3 млн доллар көлемінде өнім жөнелтілді. Ал 2025 жылы 21,36 мың тонна табиғи уран өнімін экспорттады. Кедендік статистикада оның құрамындағы уран көлемі 17,3 млн кг, ал экспорттық құны 2,98 млрд доллар деп көрсетілген. Қазақстанда 25,8 мың тонна уран өндірілген. Оның 13,5 мың тоннасы «Қазатомөнеркәсіптің» үлесіне тиесілі.

Инфографика Инфографика: Kazinform

 

Жаңа барлауға 85 млрд теңге жұмсалады

«Қазатомөнеркәсіп» Қазақстанда алты перспективалы уран учаскесінен тұратын жаңа барлау портфелін түзген. Жалпы аумағы 1 мың шаршы шақырымнан асатын бұл учаскелердегі геологиялық барлауға 2030 жылға дейін 75-85 млрд теңге инвестициялау жоспарланған.

2025 жылғы дерекке сүйенсек, JORC стандарты бойынша минералдық қоры 531 мың тонна уран болып отыр. Жаңа перспективалы учаскелерді қоса есептесек, минералдық база 954 мың тоннаға бағаланып отыр.

Уран кеніштерінің қаншасы Қазақстанға тиесілі?

Қазақстандағы уран өндірісінің негізгі бөлігі «Қазатомөнеркәсіп» арқылы жүзеге асады. Компанияның қатысу үлесі әр кеніште әрқалай.

2025 жылғы өндіріс көлемі бойынша Қазақстандағы 14 негізгі тау-кен активінің жиынтық өндірісі 25 839 тонна болды. Соның ішінде «Қазатомөнеркәсіптің» үлесіне есептелетін өндіріс - 13 519 тонна, яғни жалпы өндірістің 52,3%-ы.

Кеніштердегі үлестер мынадай:

Инфографика Инфографика: Кеніш немесе активтегі Қазатомөнеркәсіптің үлесі және оның серіктестері /Kazinform

Осы тізімдегі екі актив қана (Kanzhugan/Sauran және RU-6) «Қазатомөнеркәсіпке» толық тиесілі.

Ал ірі кеніштердің бірқатарында шетелдік компаниялардың үлесі бар. Мысалы, Inkai жобасында «Қазатомөнеркәсіптің» үлесі - 60%, канадалық Cameco-ның үлесі - 40%. KATCO-да қазақстандық компания 49%, франциялық Orano 51% үлеске ие. Karatau және Akbastau жобаларында үлес 50/50 болып бөлінеді. SMCC-де «Қазатомөнеркәсіптің» үлесі - 30%, Uranium One-ның үлесі - 70%. Бұл жерде Ресейдің «Росатомы Uranium One тобы арқылы үш негізгі активке бірлесіп иелік етіп отырғанын айрықша атау керек. Оның Karatau және Akbastau кеніштеріндегі үлесі 50%-дан, ал Southern Mining and Chemical Company (SMCC) кәсіпорнындағы үлесі 70%-дан тұрады. «Қазатомөнеркәсіптің» бұл жобалардағы үлесі тиісінше 50%, 50% және 30%.

Бірлескен кәсіпорындар қанша табыс тапты?

2025 жылы «Қазатомөнеркәсіптің» үлесі бар қауымдасқан кәсіпорындардың жалпы кірісі 743,5 млрд теңге болды.

Олардың ішінде:

Инфографика Инфографика: Kazinform

Таза пайда – 360,9 млрд теңге. Оның ішінде «Қазатомөнеркәсіпке» есептелетін пайда үлесі шамамен 170 млрд теңге болды.

Инфографика Инфографика: Kazinform

Компания осы кәсіпорындардан 112,7 млрд теңге дивиденд алды.

Ал бірлескен кәсіпорындар бойынша «Қазатомөнеркәсіптің» 2025 жылғы пайдадағы үлесі - 29,2 млрд теңге, алынған дивидендтер 20,5 млрд теңге болды.

Мысалы, Semizbay-U кәсіпорнының 51%-ы «Қазатомөнеркәсіпке», 49%-ы қытайлық CGN-ге тиесілі. 2025 жылы компанияның кірісі - 81,1 млрд теңге, таза пайдасы 35,8 млрд теңге болды. «Қазатомөнеркәсіптің» осы кәсіпорындағы пайдадан алған үлесі 23,4 млрд теңгеге жетті.

Мемлекетке түскен төлем

2025 жылы «Қазатомөнеркәсіп» тобы мен оның уран өндіретін кәсіпорындары мемлекетке 444,1 млрд теңге төлем жасады.

Оның ішінде корпоративтік табыс салығы – 277,5 млрд теңге, пайдалы қазбаларды өндіру салығы – 150,5 млрд теңге, инфрақұрылымды дамытуға төлем – 3,8 млрд теңге, басқа төлемдер – 12,3 млрд теңге.

Инфографика Инфографика: Kazinform

Жекелеген кәсіпорындардың мемлекетке төлеген сомасы да айтарлықтай болды. 2025 жылы Karatau – 98,9 млрд теңге, Inkai – 83,6 млрд теңге, Turanium – 51,3 млрд теңге, Akbastau – 47,1 млрд теңге, Ortalyk – 40,1 млрд теңге, Budenovskoye – 31,3 млрд теңге төледі.



Материал kaz.inform.kz сайтынан алынды. 

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите