Қазақстанда қазақ тілінің жаңа орфографиялық сөздігін әзірлеу жұмыстары басталды. Мұны вице-президент Ерлан Қарин “қыркүйек” пен “қыргүйек” сөздерінің жазылуына қатысты пікірталасқа байланысты түсініктеме бере отырып айтты.
Оның сөзінше, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде іс жүргізу саласында кеңінен қолданылады. Сондықтан сөздердің дұрыс айтылуы мен жазылуына қатысты ортақ тілдік нормалардың болуы маңызды.
Ерлан Қарин мемлекет қандай да бір сөздің қалай жазылуы керегін өзі белгілеп бермейтінін атап өтті. Бұл – тіл мамандары мен ғалымдардың жұмысы.
“Біздің міндетіміз – осы жұмысты тиімді үйлестіру. Сол себепті еліміздегі тіл саясатын жүзеге асыратын мекемелердің басшыларын және белгілі ғалымдарды жинап, мәселені бірге талқыладық”, – деді ол.
Кездесу қорытындысы бойынша беделді тіл мамандарынан арнайы жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданған. Олар қазақ тілінің жаңа орфографиялық сөздігін әзірлейді.
Дайын болған сөздік кейін ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралып, бекітіледі деп жоспарланып отыр.
Қазақ тілінің соңғы орфографиялық сөздігі 2013 жылы жарық көрген. Содан бері 13 жыл өтті. Осы уақыт аралығында тілдің сөздік қоры жаңа атаулар мен қолданыстармен толықты.
Ерлан Қариннің айтуынша, қазіргі талапқа сай жаңартылған орфографиялық сөздіктің болмауы жекелеген сөздердің дұрыс жазылуы мен қолданылуына қатысты пікірталастардың туындауына да әсер етіп отыр.
https://stan.kz/