Мина Сейітова атындағы дикторлар байқауы қорытындыланды

Мина Сейітова атындағы дикторлар байқауы қорытындыланды

фото: Shalqar,fm

       «Шалқар» радиосының 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған Мина Сейітова атындағы дикторлар байқауы қорытындыланып, үздік қатысушылар марапатталды. Салтанатты жиын 25 қыркүйекте «Қазақстан» ұлттық арнасының жаңа ғимаратындағы төртінші қабаттың мәжіліс залында өтті.

       Қазақ радиосының тұңғыш дикторы, радио саласының ардагері, КСРО-ның Құрметті радисі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мина Сейітованың есімімен аталған байқау жас буынның дикторлық шеберлігін шыңдап, эфир мәдениетіне қызығушылық танытқан таланттарды қолдауға бағытталды.

       Шығармашылық додаға 17 мен 35 жас аралығындағы үміткерлер қатысты. Байқау шарты бойынша қатысушылар жазушы Ғабиден Құлахметтің шығармаларынан өздері таңдаған үзіндіні екі минут көлемінде оқып, аудиожазба мен қысқаша өмірбаянын жолдады. Байқауға мектептің жоғары сынып оқушыларынан бастап, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, журналистер мен түрлі сала мамандары қатысты.

       Ұйымдастырушыларға барлығы 36 жұмыс келіп түскен. Оның ішінде жас ерекшелігіне қойылған талапқа сәйкес келмеген бес өтінім қабылданбаған. Ал Ә.Байжанбаев атындағы байқаудың жеңімпазы болған екі қатысушы бұл додаға қатыстырылмаған. Осылайша қазылар алқасы 29 жұмысты саралап, үздіктерді анықтады.

       Бағалау барысында қатысушылардың дауыс ерекшелігімен қатар, сөзді анық айтуы, тіл тазалығы, интонацияны дұрыс қолдануы, көркем мәтіннің мазмұнын сезінуі және оны тыңдарманға әсерлі жеткізу қабілеті ескерілді. Қазылар алқасына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ардагер диктор Аманжан Еңсебайұлы жетекшілік етті.

       Байқаудың Бас жүлдесі «Kultobe podcast» YouTube арнасының журналисі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің аға оқытушысы Берікбол Төлегенге табысталды.

       Бірінші орынға «Тұран ТВ» телеарнасының журналист-редакторы Құрманқұл Дарын және «Хабар» телеарнасының «Ойнайық!» бағдарламасының жүргізушісі, актер, шоумен Олжабай Дарын ие болды.

       Екінші орын Сүлеймен Демирел атындағы университеттің журналистика факультетінің студенті Нұрғали Нұрайым мен Жетісу облысы, Текелі қаласындағы №5 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Серікұлы Әділетке берілді.

       Үшінші орынның жүлдесін КИМЭП университетінің менеджмент мамандығының студенті, Орталық Азия цифрландыру сарапшылары қауымдастығының вице-президенті әрі құрылтайшысы Сарқытбай Ерсұлтан, «Jibek Joly/Silk Way» телеарнасы эфирлік қамтамасыз ету қызметінің эфир аға редакторы Берғазденова Ақмарал және Есік қаласындағы «Есік гуманитарлық-педагогикалық» колледжінің студенті Тұрғынбек Айбын бөлісті.

       Байқау қорытындысында бес қатысушыға ынталандыру сыйлығы берілді. Олардың қатарында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетінің 3-курс студенті Мырзағалиев Асыл, «Жетісу» радиосының редакторы әрі «Жолың болсын, жолаушы» бағдарламасының жүргізушісі Жұмаділ Арайлы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің 2-курс студенті Айқын Мали, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 2-курс студенті Жолдас Рауан және Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің студенті Орынбаев Ермұрат бар.

       Марапаттау рәсімінде «Қазақ радиолары» ЖШС директоры Нұртас Солтанұлы мен байқаудың демеушісі – жазушы Ғабиден Құлахмет қорының өкілі Тимур Төлегенұлы Темірболатов жас қатысушыларға ізгі тілегін білдірді. Шара барысында Мина Сейітованың «Алтын қорда» сақталған дауыс жазбасы тыңдалды.

       Дикторлар байқауының басты ерекшелігі – жас қатысушылардың кәсіби қабілетін сынаумен қатар, қазақ әдебиетінің көркем туындыларын дауыс арқылы жаңғыртуында. Ғабиден Құлахмет шығармаларының үзінділерін оқу арқылы үміткерлер мәтіннің мазмұны мен көркемдік сипатын тыңдаушыға жеткізудің түрлі тәсілдерін көрсетті.

       Мина Сейітова атындағы байқау – қазақ радиосында қалыптасқан дикторлық дәстүрді жас буын арасында жалғастыруға мүмкіндік беретін шығармашылық жоба. Ал «Шалқар» радиосының 60 жылдық мерейтойы аясында өткен бұл бастама ұлттық эфир мәдениетіне жаңа есімдердің келуіне жол ашты.

       Байқаудың өтуіне демеушілік жасап, жас таланттарды қолдаған Ғабиден Құлахмет қорына ұйымдастырушылар алғыс білдірді.

       Standard.kz

 

 

 

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите