Бақша өнімдерін таңдағанда сапа мен қауіпсіздікке мән беріңіз

Бақша өнімдерін таңдағанда сапа мен қауіпсіздікке мән беріңіз

фото: opentv.media

       Жаздың соңы мен күздің басы – қауын-қарбыздың қызатын шағы. Дегенмен, бақша өнімдерін таңдағанда олардың сыртқы көрінісіне ғана емес, сапасы мен қауіпсіздігіне де мән берген жөн.

       Мамандар көкөніс пен жеміс-жидекті табиғи пісу маусымына сәйкес сатып алуға кеңес береді. Мәселен, қауын мен қарбыздың негізгі пісу кезеңі – шілде-қыркүйек айлары.

       Бақша өнімдерін тасымалдау, сақтау және сату кезінде олардың сорты мен сапасын, сондай-ақ қауіпсіздігін растайтын қажетті ілеспе құжаттары болуы тиіс. Сондықтан қарбыз бен қауынды санитариялық талаптарға сай жабдықталған арнайы сауда орындарынан, дүкендер мен супермаркеттерден сатып алған дұрыс.

       Әсіресе өнімнің қалай сақталғанына назар аудару маңызды. Сауда орындарында бақша өнімдеріне арналған арнайы сөрелер мен сақтау жағдайлары санитариялық талаптарға сай болуы қажет.

       Кесілген қарбыз немесе қауынды сатып алуға, сондай-ақ сатушыдан өнімді кесіп көрсетуді сұрауға болмайды. Мұндай өнімдер сыртқы орта әсерінен бактериялық ластануға ұшырап, адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.

       Қарбыз бен қауынды тұтынар алдында оларды ағын сумен мұқият жуып, кейін қайнаған сумен шаю ұсынылады. Бұл өнімдердің беткі қабатындағы ықтимал ластануларды азайтуға көмектеседі.

       Қауынның құрамында темір, калий, кальций, магний, А, В және С дәрумендері, каротин мен пектиндер бар. Ал қарбыздың құрамында адам ағзасына қажетті бірқатар пайдалы заттар кездеседі. Дегенмен, кез келген өнімді шамадан тыс тұтынбай, тамақтану тәртібін сақтаған жөн.

       Сапалы өнім – денсаулық кепілі. Сондықтан бақша өнімдерін таңдағанда олардың пісу мерзіміне, сақталу жағдайына, тазалығына және сауда орнының санитариялық талаптарға сәйкестігіне назар аудару маңызды.

       Алматы қаласы Түрксіб ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Анель Мұсаева 

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите