Жаз мезгілін әсем ән мен жарқын кештерге толтырған мәдени жобалардың бірі Алматыда өтті. Қала тұрғындары үшін ұйымдастырылған Almaty Summer Fest биыл алғаш рет өз шымылдығын ашып, жаз бойы көрерменге түрлі жанрдағы музыкалық бағдарламалар ұсынды.
Фестивальдің ашық аспан астындағы кештері Алатау ауданындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алаңында ұйымдастырылды. Үш айға жуық уақыт ішінде мұнда 13 концерт өтіп, әр кеш өзіндік мазмұнымен ерекшеленді. Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мерекелік бағдарламалар да фестивальдің негізгі өзегіне айналды.
Домбыра күні мен Астана күні, Абай күніне арналған арнайы концерттер ұйымдастырылып, қазақ музыкасының біртуар композиторы Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған музыкалық кеш те көпшілік көңілінен шықты. Сахна төрінде Дос-Мұқасан, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Қайрат Нұртас, MuzArt сынды танымал өнер иелерімен бірге жаңа буын орындаушылар да өнер көрсетті.
Фестивальдің тағы бір ерекшелігі – мәдени шараның қоғамдық жауапкершілікпен сабақтасуы. Концерттер барысында қоршаған ортаны таза ұстау, қоғамдық кеңістікті ұқыпты пайдалану идеялары насихатталды. Осылайша өнер кештері «Таза Қазақстан» бастамасының құндылықтарымен үндесті.
Ал фестивальдің көрерменге қаншалықты әсер еткенін көрсеткіштерден де аңғаруға болады. Жобаға 300-ден астам өнерпаз қатысып, мыңға жуық ән мен музыкалық шығарма орындалды. Ашық алаңдағы концерттерге 250 мыңнан астам адам жиналған. Ал әлеуметтік желілердегі фестивальге қатысты жарияланымдардың қаралымы 50 миллионнан асыпты. Бұл – қала тұрғындарының сапалы өнерге деген сұранысының жоғары екенін көрсететін жақсы нәтиже.