Бүгіннен, яғни 1 қыркүйектен бастап Алматыда көліктердің қоршаған ортаға шығаратын зиянды қалдықтарын анықтайтын техникалық тексеру енгізілді. Жаңа талап бензинмен, газбен және дизель отынымен жүретін көліктердің барлығына қатысты.
Маңыздысы – техникалық тексеру мен міндетті техникалық байқау бір рәсім емес. Техникалық байқау көліктің жалпы жарамдылығын бағаласа, жаңа тексеру оның ауаға шығаратын зиянды заттарының мөлшерін анықтайды. Бензин және газбен жүретін көліктердің шығарындыларының уыттылығы, ал дизельді көліктердің түтін деңгейі өлшенеді.
Автокөлік иелері бұл тексеруден алдын ала өтуге міндетті емес. Жаңа тәртіп кезекті техникалық байқау мерзімі 1 қыркүйектен кейін келетін көліктерге қолданылады. Ал осы күнге дейін техникалық байқаудан өткен көліктердің құжаты өз мерзімі аяқталғанша жарамды.
Шығарындыларды өлшейтін тексеру арнайы жабдықталған, аккредиттелген станцияларда жүргізіледі. Олардың тізімі almaty-parking.kz сайтында жарияланады. Мамандардың айтуынша, бұл жүйе Алматыдағы автокөліктердің экологиялық жағдайын нақты бағалап, төмен шығарындылар аймағын іске асыруға негіз болады.