Жолдың бастауы - жаңарған вокзалдан

Жолдың бастауы - жаңарған вокзалдан

фото: turkystan.kz

       Елімізде жаз басталғалы бері жаңғыртудан өткен ондаған теміржол вокзалы жолаушылар игілігіне берілді. Оның ішінде шілде айында жаңартылған нысандар да бар. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізілуде.

       Жаңарту жұмыстары ірі қалалардағы вокзалдармен ғана шектелмей, шағын станцияларды да қамтыды. Әсіресе Ақмола мен Қарағанды облыстарында ауқымды жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар еліміздің батысы мен шығысында, солтүстігі мен оңтүстігіндегі бірқатар өңірлерде де теміржол нысандары кезең-кезеңімен жаңартылды.

       Кейбір вокзалдарға күрделі жөндеу жүргізілсе, енді бірінде жаңа жолаушылар кешендері бой көтерді. Ескірген ғимараттардың орнына заманауи нысандар салынып, бірқатар вокзалдың аумағы кеңейтілді. Жолаушылар платформалары мен күту орындары да жаңартылып, станциялардың жалпы келбеті заманауи талаптарға сәйкестендірілді.

       Вокзалдардың ішкі және сыртқы инфрақұрылымына да ерекше көңіл бөлінді. Шатырлар мен қасбеттер жаңартылып, су, жылу, электр және байланыс жүйелері жаңғыртылды. Ғимараттардың іші заманауи жиһаздармен, навигациялық белгілермен, бейнебақылау, желдету және қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталды. Айналасы абаттандырылып, жолаушыларға жайлы орта қалыптастырылды.

       Жаңғырту барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау да назардан тыс қалған жоқ. Вокзалдар пандус, лифт және арнайы көтергіш құрылғылармен, тактильді жолақтармен, ақпараттық көрсеткіштермен және бейімделген санитарлық бөлмелермен жабдықталды. Яғни басты мақсат – вокзал қызметін барлық жолаушы үшін ыңғайлы әрі қолжетімді ету.

       Көлік министрлігінің мәліметінше, жаңартылған вокзалдар күн сайын мыңдаған жолаушыға қызмет көрсетіп, еліміздің өңірлері арасындағы теміржол қатынасының сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл нысандар Қазақстанды Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен байланыстыратын бағыттар үшін де маңызды. Жаңарған вокзалдар – жолға шыққан жолаушыны жайлы қарсы алып, сапарын қауіпсіз әрі ыңғайлы етуге бағытталған игі өзгерістің бір бөлігі.

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите