Алматылық 15 жастағы шахматшы Мария Холявко Үндістанның Мумбай қаласында өткен 20 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Азия чемпионатында күміс жүлдеге ие болды.
Жас спортшы өзінен әлдеқайда үлкен қарсыластармен сынға түсіп, тоғыз партияның бірде-бірінде жеңілген жоқ. Бес кездесуде жеңіске жетіп, төрт партияны тең аяқтады. Осылайша жеті ұпай жинап, турнир кестесінде екінші орыннан көрінді.
Марияның бұл нәтижесі әсіресе оның жас ерекшелігін ескергенде көңіл қуантады. Жоғары жас санатындағы бәсекеде тәжірибелі қарсыластарға төтеп беріп, жарысты жеңіліссіз аяқтауы – жас шахматшының шеберлігі мен табандылығын танытты.
Азия чемпионатындағы күміс медаль – Мария Холявконың халықаралық деңгейдегі маңызды жетістіктерінің бірі. Ал шахмат тақтасындағы бұл табыс алматылық жас спортшының алдағы жарыстарға деген сенімін нығайтары анық.