Алматыда Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған ALMA LOVE фестивалі аясында ұлттық ойындарды заманауи форматта насихаттаған YOUTH NOMAD фестивалі өтті. 10 тамыз күні FLOW Park аумағында өткен шараға 500-ден астам жас алматылық пен қала тұрғыны қатысты.
Жастар асық атып, арқан тартып, өзге де ұлттық ойындардан бақ сынады. Додалы бәсекеде қатысушылар ептілігі мен күшін байқатып қана қоймай, командалық бірлік пен ұйымшылдықтың да үлгісін көрсетті.
Фестивальдің басты мақсаты — ұлттық ойындарды жастар арасында кеңінен дәріптеп, дәстүрлі құндылықтарды жаңа буынның өмірімен сабақтастыру. Қатысушылардың бірі мұндай шаралардың ұлттық мәдениетті сырттай танып қана қоймай, өзің қатысып, жарысып, бірге көңіл көтеру арқылы тереңірек түсінуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Шарада жұмыс істейтін жастарға да ерекше назар аударылды. Жас мамандар үшін бұл — әріптестерімен танысып, жаңа байланыс орнатып, командамен жұмыс істеу қабілетін шыңдайтын әрі бос уақытты мазмұнды өткізетін жақсы мүмкіндік болды.
YOUTH NOMAD — жастарды спортқа, ұлттық мәдениетке және белсенді өмір салтына үндейтін бастамалардың бірі. Дәстүр мен бүгінгі жастың талпынысын тоғыстырған осындай шаралар ұлттық құндылықтардың заман талабына сай жаңғырып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасуына жол ашады.