SIM-карта және смартфондарға жаңа талап қойылады. Не өзгереді?

SIM-карта және смартфондарға жаңа талап қойылады. Не өзгереді?

фото: pixabay.com

20 тамыздан бастап Қазақстанда ұялы байланыс операторлары мен смартфон сатушыларына қойылатын бірқатар жаңа талап күшіне енеді. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы baribar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Өзгерістер тарифтердің қымбаттауы, SIM-картаны рәсімдеу және смартфондарды сату тәртібіне қатысты.

Тариф қымбаттаса, екі ай бұрын ескертуге тиіс

Енді ұялы байланыс операторы тариф құнын көтеретін болса, абоненттерге бұл туралы кемінде екі ай бұрын SMS арқылы хабарлауы қажет.

Сонымен қатар тарифтің қаншаға өзгеретіні және жаңа шарттар компанияның ресми сайтында жариялануы тиіс. Жаңа талап бойынша операторлар кейбір мемлекеттік және әлеуметтік маңызы бар сервистерге тәулік бойы тегін қолжетімдікті қамтамасыз етуге міндеттеледі. Бұл қызмет абоненттің балансында қаражат болмаған жағдайда да қолжетімді болады.

Тегін пайдалануға болатын сервистердің қатарында:

  • eGov және eGov Business;
  • eOtinish;
  • ұлттық мессенджер Aitu бар.

SIM-карта алу үшін бет-әлпетті растау қажет

20 тамыздан бастап жаңа SIM-картаны рәсімдеу кезінде биометриялық сәйкестендіру енгізіледі. Яғни абоненттің жеке басы бет-әлпетін сканерлеу арқылы расталады. Бұл талап ұялы байланыс операторымен жаңа шарт жасасу кезінде де қолданылады.

Өзгеріс SIM-карталарды бөтен адамдардың атына заңсыз рәсімдеу және байланыс қызметтерін пайдалануға қатысты қауіптердің алдын алуға бағытталған.

Смартфон сатушыларға да талап күшейеді

Жаңа ережелер смартфон сататын кәсіпкерлерге де қатысты. Енді сатушылар құрылғыны сатып алушыға ұсынбас бұрын оның ресми тексеруден және верификациядан өтуін қамтамасыз етуі керек. Яғни смартфон сатылымға шығарылғанға дейін белгіленген тәртіппен тіркелуі қажет.

Жаңа талаптар ұялы байланыс қызметтерін пайдалану тәртібін реттеуге, абоненттердің құқықтарын қорғауға, тариф өзгерістері туралы алдын ала ақпарат беруге және SIM-карта мен смартфондарды рәсімдеу кезіндегі қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған.

 

Ақпарат baribar.kz сайтынан алынды. 

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите