Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі ірі заңсыздықтардың беті ашылды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, шамамен 140 мың азамат медициналық ұйымдарға өз келісімінсіз тіркеліп, көрсетілмеген медициналық қызметтер үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алынған.
Қазір осы деректерге қатысты 36 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі 3,5 миллиард теңгеден асады.
Тергеу барысында түрлі өңірлерде бірқатар заңсыз схемалар анықталды. Мәселен, Түркістан облысындағы Жетісай көпсалалы аудандық ауруханасында МӘМС аясында бөлінген қаражат ешқандай қызмет көрсетпеген және тауар жеткізбеген 20-дан астам жеке кәсіпкердің есепшотына аударылғаны белгілі болды. Кейін бұл қаржы қолма-қол ақшаға айналдырылған. Осы іс бойынша мемлекетке келтірілген шығын 501 миллион теңгеден асып, екі күдікті қамауға алынды.
Астанада да осыған ұқсас заңсыз әрекет әшкереленді. «Forte Clinic» жеке клиникасының басшысы сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алу схемасын ұйымдастырғаны үшін 5 жылға сотталды. Оның сыбайласы азаматтарды заңсыз тіркеуге көмектескені үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу мәліметіне сәйкес, клиникаға 15 мыңнан астам адам заңсыз тіркеліп, ақпараттық жүйе арқылы 79 миллион теңгенің жалған медициналық қызметі рәсімделген.
Ал Алматы облысында екі стоматологиялық клиниканың басшысы пациенттерге көрсетілмеген қызметтерді құжат жүзінде рәсімдеп, мемлекетке 66 миллион теңге шығын келтіргені үшін сотталды. Тергеу барысында 4,5 мыңнан астам жалған медициналық қызмет фактісі анықталған.
Қаржылық мониторинг агенттігі мұндай заңсыз әрекеттерді анықтау және жауаптыларды жауапқа тарту жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, медициналық сақтандыру жүйесіндегі әрбір заңсыз төлем бюджет қаржысына ғана емес, халықтың сапалы медициналық қызметке деген сеніміне де кері әсер етеді.
Ақпарат дереккөзі:https://kaz.inform.kz/алынды.