Бұл туралы Украинаның BookChef Publishing баспасы хабарлады.
Ресейдің Киевке жасаған соңғы шабуылынан кейін шамамен 800 000 кітап өртеніп, жойылды.
BookChef баспасы әлеуметтік желіде логистикалық серіктесінің негізгі қоймасына соққы жасалғанын және өрт салдарынан көптеген жаңа басылымның түгелдей жанып кеткенін хабарлады.
BookChef Publishing – Украинадағы ең ірі баспалардың бірі, оның каталогында шамамен 700 автор бар. Баспаның тізіміне Джордж Оруэлл, Мишель және Барак Обама, Юваль Ноа Харари, Мэттью Макконахи, Уилл Смит және Чарльз Буковски сияқты авторлардың кітаптары енген.
Айта кетейік, 2 шілдеде Киевтегі шабуылдан қаза тапқандар саны 30-ға жетті. Украинаның Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметінің хабарлауынша, қирандылар астынан тағы бірнеше адамның мәйіті табылды.
Билік өкілдерінің мәліметінше, тағы 90-ға жуық адам түрлі жарақат алған. Құтқарушылар жоғалғандарды іздеп, қирандыларды тазалап жатыр.
https://inbusiness.kz/kz