Адам ағзасы ерте қартая бастады

Адам ағзасы ерте қартая бастады

фото: pexels.com

Адамзат үшін тағы бір қауіп – адамның ағзасы ерте қартая бастады. «Аты жаман аурудың да көбеюінің басты себебі осы», - дейді Вашингтон университеті Медицина мектебінің ғалымдары. 

Алаңдатарлығы сол, обырға шалдығатындар арасында жастар көп. Кейінгі 35 жылда көрсеткіш 79 пайызға артқан. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қатерлі ісік жас талғамайды. Нью-Йорктың кішкентай тұрғыны Логан небәрі 9 жаста. Екі жылдан бері бауыр обырымен күресіп келеді. Енді дәрігерлер шұғыл трансплантация жасау керек дейді. Өкініштісі сол, АҚШ-та «қатерлі ісікке» Логан секілді 14 жасқа дейінгі 10 мыңға жуық бала шалдыққан.  

Ребекка Койл, науқастың анасы: - Онкологияға шалдыққан баланың емі ұзақ болады. Мұнда дәрігердің кәсібилігімен қатар, науқастың жанында жүретін мейірбикенің тәжірибесі мен эмоционалдық қолдауы өте маңызды. 

Бұрын қатерлі ісік 50-ден асқандардың ауруы саналатын. Ал қазір кәрісіне де, жасына да ауыз салып жатыр. Зерттеуге қарағанда, кейінгі 35 жылда әсіресе сүт безі, өкпе, ішек және асқазан обыры көбейген. Ғалымдар осылай деп дабыл қағып отыр. Ал індеттің өршуіне себеп көп. 

 Эндрю Чан, профессор: - Дұрыс тамақтанбау, қайта өңделген тағамдарды көп тұтыну адам ағзасына кері әсер етеді. Бұл қатерлі ісіктің басты себебі деуге болмайды. Алайда ішіп-жеп жүрген асымыздың қаншалықты зиянды екенін зерттесек, обырдың жасаруының себебін анықтауға мүмкіндік туады.  

Америкалық ғалымдар обырға шалдықтыратын тағы бір себепті тапты. Зерттеушілер: «Қазір адам ерте қартаяды», - деп санайды. Жас болса да, жасушалары мен ағзасы әлдеқайда тез тозады. Мұндай кезде иммунитет әлсіреп, зақымданған ДНҚ-ны қалпына келтіру қабілеті төмендейді. Ал бұл  қатерлі ісік қаупін арттырады. 

Инь Цао, зерттеу авторы: - 150 мың адамның денсаулығына қатысты мәліметтерді талдадық. Қазіргі жастардың ағзасы ерте қажып, биологиялық тұрғыдан мезгілінен бұрын қартаяды. Әсіресе май тіндерінен кәрілік белгілері байқалады. Ол – қатерлі ісіктің пайда болуына әсер ететін фактордың бірі.    

Биологиялық қартаюды тоқтатуға болмайды. «Алайда баяулатудың амалы болуға тиіс. Егер ғалымдар мұны анықтаса, болашақта қатерлі ісік қаупін азайтуға мүмкіндік туады», - дейді мамандар.  

Ақпарат 24.kz сайтынан алынды. 

Читайте также

Подписаться
Чтобы оставить комментарий зарегистрируйтесь или войдите